
Бүгін қалалық әкімдік ғимаратында Ауыл шаруашылығы министрі А.Сапаровтың қатысуымен еңбеккерлерді марапаттау іс-шарасы өтті. Сондай-ақ жиынға қала әкімінің бірінші орынбасары А.Кәрімов, әкімдік қызметкерлері мен агросектор өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында министр кәсіби мереке иелерін құттықтап, ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы ерекше рөлін атап өтіп, еңбек адамдарының табанды еңбегі мен салаға қосқан үлесін жоғары бағалады. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы – мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігінің өзегі, ал осы бағытта еңбек етіп жүрген мамандар – ел дамуының негізгі тірегі.
- Мемлекет басшысы ел дамуына үлес қосып жүрген әрбір азаматтың еңбегін жоғары бағалайды. Президенттің тапсырмасымен мемлекеттік наградалар жүйесіне «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» деген құрметті атақ енгізілді. Бұл - еңбеккерлерге деген құрмет пен адал еңбектің шынайы бағасы. Биыл агроөнеркәсіптік кешен үшін жетістіктерге толы жыл болды. Шымкент мегаполис болғанымен, аграрлық-өнеркәсіптік кешеннің дамуына елеулі үлес қосып келеді, – деді А. Сапаров.
Марапаттау рәсімінде өңірдің үздік агрономдары, мал шаруашылығы мамандары, ветеринарлар, су реттеушілері, техник-механизаторлар және шаруа қожалықтарының жетекшілері түрлі дәрежедегі марапаттарға ие болды. Атап айтқанда «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағына «Шымкент құс» ЖШС-нің бас директоры Ә.Досболов ие болды. Сондай-ақ 3 үздік азаматқа елеулі еңбектеріне орай, мемлекеттік наградалар табысталды. Бірқатар агробизнес өкілі Премьер-министрдің, Ауыл шаруашылығы министрінің наградаларымен марапатталды.
Салтанатты жиын жылы лебіздермен, сала мамандарының пікірлерімен және ауыл шаруашылығы бағытындағы жаңа бастамаларды таныстыру рәсімімен жалғасты. Сонымен қатар, іс-шара аясында аграрлық секторды дамыту, заманауи технологияларды енгізу және ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған жоспарлар талқыланды. Қалада мал шаруашылығын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Қазір бұл бағытта маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
Шара соңында министр ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген барлық мамандарға алғыс білдіріп, болашақта олардың кәсіби жетістіктері мен жаңа белестерді бағындыруына тілектестігін жеткізді.
