Қала әкімі Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісімен екіжақты серіктестік перспективаларын сөз етті

image.png

     Шымкент – Қазақстанның оңтүстігіндегі ең ірі өнеркәсіптік, сауда-экономикалық және логистикалық хаб. Халық саны жөнінен еліміздегі үшінші мегаполис ретінде қала тек ішкі нарықтың ғана емес, сонымен қатар аймақтық және халықаралық экономикалық қатынастардың да маңызды орталығына айналып келеді. Соңғы жылдары Шымкенттің шетелдік инвестициялар тартудағы әлеуеті күшейіп, әлемнің көптеген елдерімен түрлі бағыттағы ынтымақтастығы кеңеюде. Шымкент қаласы инвесторлар үшін қолайлы кластерлік нарық ретінде танылып отыр. Қалада фармацевтика, мұнай-химия, құрылыс материалдары, тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп сияқты салаларда шетелдік компаниялардың қатысуымен ондаған өндіріс орындары жұмыс істейді. Орта Азия нарығына кіруге мүдделі инвесторлар үшін Шымкенттің географиялық орналасуы ерекше тиімді. Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және ЕО елдерінің компаниялары қалаға белсенді түрде инвестиция құюда. Индустриалды аймақтарда шетелдік капиталдың қатысуымен жаңа кәсіпорындар іске қосылып, экспортқа бағытталған өнім түрлері артып келеді.

    Шымкент – көлік-логистикалық тұрғыдан стратегиялық аймақ. Қала арқылы халықаралық автомобиль дәліздері, теміржол бағыттары, жүк тасымалының транзиттік арналары өтеді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі қала маңымен өтуі Шымкенттің транзиттік рөлін күшейтіп, шетелдік серіктестермен экономикалық қатынастарды нығайтуға жол ашты. Қаланың жаңартылған халықаралық әуежайы мен кедендік терминалдары логистикалық операциялардың тиімділігін арттырып, сыртқы сауда айналымын ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр.

    Осы орайда, бүгін Шымкент қаласының әкімі Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Джейн Аксуорспен кездесті.

    Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, сауда-экономикалық байланысты кеңейту, білім беру, туризм және медицина салаларында ортақ жобаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылды.

    Қала басшысы Елшіге Шымкент қаласының инвестициялық әлеуеті, жұмыс істеп тұрған индустриялық аймақтар және кәсіпкерлік жүргізуге жасалған қолайлы жағдайлар туралы ақпарат берді. Сондай-ақ қаланың дамуында маңызды рөл атқарып келе жатқан британдық «AstraZeneca» компаниясының әлеуметтік-инвестициялық бастамалары ерекше атап өтілді.

    Компанияның қолдауымен қалалық онкодиспансер базасында заманауи эндоскопиялық жабдықты қолданатын онкологиялық ауруларды диагностикалау орталығын ашу жоспарланып отырғаны айтылды. Жоба шеңберінде жергілікті медицина мамандарын оқыту және халықаралық стандарттарға сай тәжірибені енгізу көзделуде.

    Кездесу барысында қала құрылысы, тұрақты экономикалық даму және тұрғындар үшін қолайлы қалалық орта қалыптастыру бағыттары бойынша тәжірибе алмасу мүмкіндіктері де талқыланды.

    Кездесу соңында Шымкент қаласының әкімі Елшіге конструктивті диалог үшін алғыс білдіріп, жоспарланған бірлескен бастамалар екіжақты әріптестікті одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

    Халықаралық деңгейде беделі артып келе жатқан Шымкент қаласы бүгінде экономикалық дербес орталық ретінде қалыптасып, шетелдік серіктестер үшін сенімді инвестициялық алаң болып отыр. Өнеркәсіп, агроөнеркәсіп, логистика, сауда, туризм және инновациялар саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар мегаполистің жаһандық экономикалық жүйедегі орнын одан әрі күшейтеді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкентте «Қарызсыз қоғам» жобасының жүзеге асырылуы бойынша кеңейтілген жиын өтті
  • Шымкентте қазақ қоғамындағы әйел мәртебесі және гендерлік саясат мәселелері талқыланды
  • Кәсібилік пен тәжірибе – басты құндылық
  • Инфрақұрылымның тынысын тірілткен маман
  • Еңбекші ауданында өрт қауіпсіздігі және улы газдың алдын алу шаралары өткізілді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер