Шымкентте «Қарызсыз қоғам» жобасының жүзеге асырылуы бойынша кеңейтілген жиын өтті

image.png

     Қазіргі заманда азаматтардың қаржылық сауаттылық деңгейінің төмендігі мен тұтынушылық несиеге тәуелділік көптеген әлеуметтік мәселелердің негізіне айналып отыр. Осы орайда AMANAT партиясының  бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасы халықтың қаржылық тұрақтылығын арттыруды, борыш жүктемесін азайтуды және жауапты экономикалық мінез-құлық қалыптастыруды мақсат етіп отыр.

    Бүгін Шымкент қаласында AMANAT партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша маңызды жиын ұйымдастырылды. Басқосуға AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов төрағалық етті. Жиынға Қаржы басқармасының өкілі Әлия Мейірова, жобаның қаржы эксперті Ақбота Тұрарова, Мемлекеттік кірістер департаментінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Нұржан Сергазин, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өңірлік өкілдер басқармасының Шымкент қаласы бойынша басшысы Ануар Шотаев, сондай-ақ аудан әкімдіктерінің жауапты өкілдері қатысты.

     Жиында «Қарызсыз қоғам» жобасының қала аумағында жүзеге асырылуы және алдағы міндеттері талқыланды. Ербол Байқонысов өз сөзінде аталған жобаның қоғам үшін өзекті екенін атап өтті.

     AMANAT партиясында халық арасында кең қолдау тапқан партиялық бастамалардың бірі – осы «Қарызсыз қоғам» жобасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңызын атап өтіп, Үкіметпен бірлесіп жобаның ауқымын кеңейтуді тапсырған болатын. Осы тапсырма аясында арнайы Жол картасы бекітіліп, жемісті жұмыс жүргізіліп келеді. Былтыр қала бойынша 11 000 адамды оқыту жоспарланғанымен, бұл көрсеткіш 12 593 адамға жетіп, жоспар артығымен орындалды. Биыл 22 200 адамды қамту көзделсе, бүгінгі күнге дейін 19 200 тұрғын қаржылық сауаттылық курстарынан өтті», – деді ол.

      Айта кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасының түпкі міндеті – азаматтарды қарыз тұзағынан шығару, шамадан тыс кредиттік жүктеменің алдын алу және қаржылық мәдениетті нығайту. Бастама бірнеше бағытты қамтиды: халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру; борыштық жүктемесі жоғары азаматтарға кеңес беру; әлеуметтік әлжуаз топтарға көмек көрсету; инвестициялық және жинақ мәдениетін қалыптастыру; жауапсыз несие алудан сақтандыру. Жоба қоғамдағы қарызға тәуелділікті азайтуды көздей отырып, азаматтардың экономикалық дербестігін күшейтуге бағытталған.

    Қазіргі қоғамда ақша айналымын түсіну, жеке бюджет жоспарлау, несие шарттарын оқу – әр адамға қажет дағдылар. Жоба аясында: тренингтер, семинарлар, онлайн курстар, мектеп пен колледждерде арнайы сабақтар, отбасыларға арналған қаржылық кеңес беру сияқты шаралар ұйымдастырылуда. Бұл азаматтардың өз қаржысын басқаруға, қарызға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

   «Қарызсыз қоғам» жобасы тек қаржы мәселесін шешу емес, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететін кешенді бастама болып табылады. Қарызсыз, жауапты тұтынушы қалыптастыру – экономиканың да, қоғамның да тұрақты дамуына тікелей әсер етеді.

   Жобаның маңыздылығы адамдардың қаржылық тәуелсіздігін арттырады; отбасылық күйзеліс пен әлеуметтік мәселелерді азайтады; жастарға сауатты экономикалық дағдылар береді; жалпы қоғамда жауапты қаржы мәдениетін қалыптастырады.

     «Қарызсыз қоғам» — халықты қаржылық сауаттандыруға, әлеуметтік әл-ауқатты арттыруға және тұрақты экономикалық орта қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба. Қоғам мүшелері өз қаражатын дұрыс басқара алатын жағдайда ғана, елдің экономикалық дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығы нығая түседі.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкентте «Қарызсыз қоғам» жобасының жүзеге асырылуы бойынша кеңейтілген жиын өтті
  • Шымкентте қазақ қоғамындағы әйел мәртебесі және гендерлік саясат мәселелері талқыланды
  • Кәсібилік пен тәжірибе – басты құндылық
  • Инфрақұрылымның тынысын тірілткен маман
  • Еңбекші ауданында өрт қауіпсіздігі және улы газдың алдын алу шаралары өткізілді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер