
Омарташылық – ауыл шаруашылығының ерекше әрі экологиялық маңызы жоғары салаларының бірі. Ара өсірумен айналысатын шаруашылықтар тек сапалы бал өндірумен шектелмей, табиғаттағы тозаңдану процесін жақсартуға, ауылдық жерлердің экономикалық дамуына үлес қосады. Бүгінде омарта ісі Қазақстанда қайта жанданып, ішкі нарықты табиғи өніммен қамтамасыз етуде маңызды орын алып келеді.
Қазақстанның оңтүстік, шығыс өңірлері бал өндіруге өте қолайлы. Әсіресе Шымкент, Түркістан, Жамбыл маңындағы жусанды, гүлді даласы мен тау бөктері омарта шаруашылығы үшін табиғи база саналады. Соның ішінде Шымкент өңірі табиғи-климаттық ерекшелігіне байланысты омарта шаруашылығын дамытуға ең қолайлы аймақтардың бірі саналады. Жазы ұзақ, күн сәулесі мол, өсімдік түрлері әр алуан бұл өңірде ара өсірумен айналысатын шаруашылықтар саны жыл сайын артып келеді. Табиғи бал мен ара өнімдеріне деген сұраныстың өсуі омарташыларға жаңа мүмкіндіктер ашып, ауыл халқының табысын көбейтуге ықпал етуде.
Шымкенттік омарташылар енді бал экспортын арттыруды көздеп отыр. Қазір Ресей, Қытай және Өзбекстан елдерімен арада құжат рәсімделіп жатыр. Айта кетерлігі өңірде бал өндірушілердің саны да артқан. Бұған дейін мемлекеттік субсидия селекциялық жұмыстарға ғана берілсе, ал қазір өндірілген бал көлеміне қарай қолдау көрсетіледі. Бұл өзгеріс шаруашылықтарға жаңаша серпін сыйлады. Осыған сәйкес жиналған ара балы бірге өңделіп, нарық талаптарына сәйкестендірілді. Заманауи технологиялар өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Қазір қаладағы отбасылық омарташылардың біріктірген шаруашылықта жылына 80 тонна өсім шығарылады.
Табиғи бал – минералдарға, дәрумендерге және ферменттерге бай, адам денсаулығына пайдалы өнім. Балдың сапасы тікелей климаттық жағдайға, өсімдік түрлерінің көптігіне, ара тұқымына және күтіміне байланысты. Ара өсіру – үздіксіз бақылауды, үлкен жауапкершілікті талап ететін кәсіп. Шебер омарташы ара ұяларын мезгілінде тексеріп, ара ауруларының алдын алып, шабындықтар мен жайылымдардағы гүлдену кезеңін дұрыс жоспарлап, омарта орындарын желден, күннің ыстығынан қорғай отырып орналастыруы керек. Көктемгі бал араларын күту, жазғы бал жинау маусымы, күзгі қыстаққа дайындау сияқты кезеңдердің әрқайсысы ерекше еңбек пен тәжірибе қажет етеді. «Омарташылар өнімін өткізу үшін ресми келісім-шарттарға иек арта бастады. Енді ара балы дүкендер мен сауда желілеріне тікелей шығарылады. Жаңа бағдарлама тұтынушылар үшінөте тиімді»,- дейді омарташы Ирина Демидова.
Омарташылар өнім көлемін арттыру үшін ғылыми әдісткерге сүйенуде. Қалада соңғы жылдары аралардың жаңа буыны өсіріліп, балдың да сақталу мерзімі артқан. Өнімге де сұраныс жоғарылап келеді. «Статистикалық 5 жылдықты қарасақ, біздің араларға сұраныс жыл сайын көбейіп жатқанын байқаймыз. Шамамен 20-30 пайызға көтерілді. Бұл араларды біз шетелге өзіміздің бренд ретінде таныстырғымыз келеді»,- дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Роза Жұмақылышқызы.
Ара – табиғаттағы ең маңызды тозаңдандырушы жәндіктердің бірі. Ғалымдар мәліметінше, өсімдіктердің 70 пайызға жуығы ара арқылы тозаңданады. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға, жеміс-жидек пен көкөніс сапасын жақсартуға, экожүйенің тепе-теңдігін сақтауға тікелей әсер етеді. Сондықтан омарта шаруашылығын дамыту – тек өндіріс емес, табиғатты қорғаудың да бір бөлігі.
Омарталық – ірі көлемді инвестиция талап етпейтін, шағын кәсіпкерлікке тиімді салалардың бірі. Бірнеше ара ұясынан бастаған омарташы жыл сайын табысын көбейтіп, шаруашылығын кеңейте алады. Таза табиғи өнімге сұраныстың артуы бұл бизнестің болашағының зор екенін көрсетеді.
Соңғы жылдары қала маңындағы жәрмеңкелер мен фермерлік дүкендерде жергілікті бал өнімдеріне деген қызығушылық айтарлықтай өскені байқалады. Жергілікті шаруашылықтар жылына 320 тонна бал өндіреді. Субсидиялау бағдарламасы эскпорттық әлеуетке оң әсер етуі тиіс дейді салаға жауаптылар. «Биылғы жылы бұл салаға 30 миллионның үстінде субсидия қарастырылған. Егер жылдың соңына дейін өнімдердің саны артатын болса қосымша қаржы қаралатын болады. Қазіргі уақытта шымкенттік балды Өзбекстан, Қытай мемлекеттеріне экспорттау бойынша жұмыстар атқарып жатыр»,- дейді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы Сағдат Маханов.
Кейінгі кездері шаһарда шаруашылық саны екі есе артып, жалпы 18 мың ара ұясы тірелген. Шымкент өңіріндегі омарташылардың басым бөлігі – ондаған жылдық тәжірибесі бар, кәсіпті отбасылық деңгейде дамытып жүрген шаруалар. Олардың айтуынша, балдың сапасы ең алдымен табиғи орта мен ара күтімінің дұрыс ұйымдастырылуына байланысты.
Омарташылық – табиғатпен егізделген кәсіп. Ол бал өндіруден бөлек, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға, ауыл мен қала экономикасын дамытуға және жергілікті халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді. Еңбек пен тәжірибені талап етсе де, табысты, сұранысы жоғары сала ретінде еліміздің аграрлық секторында өз орнын нығайтып келеді.
Шымкент өңіріндегі омарта шаруашылығы – табысы жоғары, экологиялық маңызы зор сала. Табиғи балдың сапасы, өңірдің бай өсімдік жамылғысы және мемлекеттік қолдау омарта ісін дамытуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Шаруашылықты дұрыс ұйымдастыра білген кәсіпкерлер үшін бұл бағыт болашақта да өзектілігін жоғалтпайтын перспективалы кәсіп болып қала бермек
