
Шымкент қаласы соңғы жылдары еліміздегі ірі индустриалды және инвестициялық орталықтардың біріне айналып келеді. Қала экономикасын әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және өндірістік әлеуетті арттыру мақсатында индустриалды аймақтарды дамытуға басымдық берілуде. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын айтарлықтай күшейтті.
Шымқалада индустриялық аймақтар өндірістік әлеуетті арттырудың және инвестиция тартудың маңызды тетігі болып табылады. Индустриялық аймақтарда жаңа өндірістерді орналастыру арқылы өңдеу өнеркәсібі дамып, импортты алмастыру, экспортты ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын құру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, жаңа технологиялық жобалар жүзеге асуда.
Қалада жалпы аумағы 1 276 гектар құрайтын 7 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 716,9 миллиард теңгеге 445 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде, бүгінгі таңға 337 миллиард теңгені құрайтын 318 жоба іске асырылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.
Соның ішінде биылғы жылғы ірі жобаларға тоқталсақ, алдымен орталық Азияда теңдесі жоқ «QazAlpack» компаниясы өндіретін «Алюминий банкілері өніміне» сұраныс артып отыр. Бүгінде экспорт көлемінің ұлғаюына байланысты құны 30 миллиард теңгені құрайтын жобаның 2-ші кезеңі іске қосылды. Зауыт жылына 2,2 миллиард дана алюминий банкілерін шығарады. Онда 112 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Өнеркәсіптік аймақтардың басты артықшылығы – инвесторлар үшін дайын өндірістік алаңдардың ұсынылуы. Жер телімдері, электр энергиясы, газ, су, жол және байланыс желілерімен қамтамасыз етілген. Мұндай кешенді қолдау жаңа жобалардың қысқа мерзімде іске асуына мүмкіндік беріп, бизнестің шығындарын азайтады.
Өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін арттыру бағытында бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, құны 7,8 миллиард теңгені құрайтын «Sauran Bricks» компаниясының «Автоклавты газдалған бетон» өндіретін зауыты іске қосылды. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 300 мың текше метр газдалған бетонды құрайды. Жоба аясында 100-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылды.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында 2 жаңа өндіріс аймағын құру және қолданыстағы 3 өндіріс аймағын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Аталған аймақтарда жалпы құны 900 миллиард теңгені құрайтын 300 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 13 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады.
Оның ішінде, Мемлекет басшысының Шымкент қаласында оңтүстік өңір үшін барлық тауарларды қабылдап, жеткізуге қолайлы логистикалық «Өңірлік хаб» құру жөніндегі тапсырмасына сәйкес қолданыстағы Сауда-логистикалық орталығын кеңейту жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұл жоба өңірдің транзиттік және логистикалық әлеуетін арттыруға серпін береді.
