Шымкент шаһары миллионды қалаға айналғалы тұрғындардың да қуанышында шек жоқ. Еліміздегі ең ірі қалалардың біріне айналу шабыт сыйлағандай. Бұрыннан да жаңашылдыққа, тың идеялар мен өзгерістерге құмар оңтүстік халқы енді қарап жатпақ емес. Өңірімізде болып жатқан іс-шараларға басшылармен бірдей атсалысып жатқан олар қаламыздың дамуы мен өсіп өркендеуіне өз үлестерін қосуда аянып қалмайтынын көрсетуде. Бұған, күні кеше ғана өткен «Миллионмен бірге жарқырайық» атты флешмоб дәлел.
Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, мерекелік іс-шараға келген халықтың қарасы қалың болды. Наурыз алаңына жиналған көпшілік түрлі-түсті шамдарға тілектерін жазып, аспанға ұшырды. Көкке көтерілген мыңдаған қалта шамдары қалаға ерекше сән берді. Түнгі қаланың тыныштығын жарық сәулелермен тербеген қала тұрғындары бұл кеште ұмытылмастай айрықша әсерге бөленді. «Миллионмен бірге жарқырайық» флешмобына қала әкімі Нұрлан Сауранбаев та қатысып, көтеріңкі көңіл-күймен жиналған қала тұрғындарына жылы лебізін білдірді.
«Шымкент мегаполис атанғанына өте қуаныштымын. Көңіл-күйіміз өте көтеріңкі. Бүгін әрқайсымыз өз шарымызды биікке ұшырып, қуанышымызды бөлістік. Біз Шымкентте миллионбыз. Қазақстан бойынша 3-ші мегаполис болып жатырмыз. Көбейе берейік, қазақ елі жасасын!»,- дейді қала тұрғыны Әйгерім Әзімханова.
Айтулы жиын көпшілікті таңдандырып қана қоймай, әсем кеште би билетіп, керемет көңіл - күй сыйлады. Сондай-ақ, қалта шамы ұшырылар сәтте, қала аумағының орталық көшелерінде жарық 15 минутқа өшірілді. Мамандар бір сәтке қала көшелерін электр көзінен ажыратудың өзі 1 миллион киловаттық электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік беретінін айтады. Шара соңы эко-акцияға ұласып, қатысушылар қаламызды қоқыстан тазартуға атсалысты.