Шымкенттің әкімі Нұрлан Сауранбаев бұған дейін 2019 жылға дейін шаһарда топырақ жолдар қалмайды деп мәлімдеген болатын. Осыған орай республикадағы маңызды үш қаланың қатарына қосылған Шымқалада жүруге қауіпті әрі қолайсыз көшелердің барлығы жөнделіп жатыр. Нақтырақ айтқанда жөндеуді қажет ететін жолдардың барлығына тас төсеу жұмыстары қарқын алды. Жоспарлы жұмыстың нәтижесінде жалпы алаңы 1 миллион шаршы метр жолға тас төселетін болады. «Біз қала әкімдігінің тапсырмасын мерзімінде орындап шығамыз. Ал жұмыстың сапасын сарапшылардан бөлек көше төрағалары да бақылап отыр», - деді қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің жетекшісі Абай Тұрханов. Көшелерге тас төсеу жұмыстары жоспарлы мерзімінен бұрын, шілде айында аяқталады деп күтілуде.
Айта кетейік, Шымкенттегі жолдардың жалпы ұзындығы – 2882 шақырым. Соның 334 шақырымы жолсыз деуге болады. Бұған дейін ұзақ жылдар бойы осы көшелердің тұрғындары қыста – саз-балшықпен, ал күн ыстықта май шаң басқан жолмен жүруге мәжбүр болған еді. Енді биыл олардың талап-тілектері әкімнің назарынан тыс қалмады.