Тоғыз жолдың торабы Шымкент шаһарына оңтүстік бағытынан кіретін жалғыз жол бойында ескі кілттің мүсіні бар. Кеңес Одағы дәуірінен қалған нысаннның бүгінде әбден тозығы жеткен. Ташкент бағытына кіретін қақпа бойындағы тарихи нысанды қала басшылығы сүрмей керісінше, жаңғыртуға кірісті. Бұл бастаманы Абай ауданы әкімдігі көтеріп, ұсыныс шаһар басшысының қолдауына ие болған. Мамандардың айтуынша, қақпаның сәулеттік кескіндемесі өзгермейді. Тек бұрынғы темір қаптама енді гранит тастармен безендіріліп, қақпа төріндегі облыс атауы қалаға ауыстырылады. Ал, қаладан Ташкент бағытына шыққан бетте «Сәтті сапар» деп жазылады. «Бүгінде жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр. Қазірде атқарылып жатқан жұмыстар «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің қаржысы мен техникаларының есебінен жүргізілуде. Бұл игі іске демеушілер өз үлесін қосуда», – дейді Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов. Бұдан бөлек “ЛТД Тұрмыс” ЖШС қызметкерлері қақпа маңындағы бір гектар алқапқа көкмайса отырғызып, бұл маңды демалыс аймағына айналдыруға кірісіп кеткен.