«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жұмыспен қамту шараларына таптырмас құралға айналуда. Шымкентте 3 мыңға жуық адам осы бағдарламаның шапағатын көрді.Олар «Enbek.kz» электронды порталы арқылы екі қолға бір жұмыс тапты. Бүгінгі күні тағы 1200-дей жұмыс беруші бос орындарын ұсынуда. Медет Балғат – «Enbek.kz» электронды порталы арқылы жұмыс тапқандардың бірі. Бүгін ол – қаладағы мектептердің біріне ешқандай таныс-тамырсыз, басқа адамды араластырмай жұмысқа орналасты.Еңбекпен қамту мәселесінің оңтайлы шешілгені 4 балалы азаматты қуантып отыр. «Enbek.kz» электронды порталы биыл ғана енгізілді. Бұл халықты жұмыспен қамту үшін ашылған бірегей бағдарлама. Егер бұрын жұмыс берушіге өтініш қалдыру үшін жұмыспен қамту орталығына бару керек болса, енді мұны аталған сайтқа кіріп-ақ орындай бересіз. Оған қоса мұндағы ақпарат күн сайын жаңартылады. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасында еңбек биржасы үшін бірыңғай ақпараттық базаны құру үшін нақты міндет қойылған. Портал Интернет-ресурста жұмыс істейді. Бұл әрбір азаматқа қажетті ақпаратты тікелей Enbek.kz дереккөзінен алуға мүмкіндік береді. Бұл портал жұмыспен қамту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу саласында ақпараттық қызмет көрсетуге арналған»,- дейді Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының операторы Асылбек Қабылбек. Аталған электронды порталда бүгінгі күні 10 мың жұмыс іздеуші тіркеуде тұр. Үйде отырып, емін-еркін пайдалануға болатын бағдарламаны үйрету үшін жұмыспен қамту орталығында арнайы сынып ашылды. Онда 3 мыңға жуық азамат порталдың қыр-сырымен танысқан.