Ақпараттық технологиялар алпауыттардың көшіне ілесу басты міндет. Елбасы Жолдауында айтылған бұл тапсырманың өңірдегі орындалу барысы ойдағыдай. Бағдарлама одан әрі дамыса 2020 жылға дейін мемлекеттің қызметтің 90 пайызы электронды форматта көрсетіледі. Бұл салада – түсіндіру жұмыстары өзекті. Осы бағытта Шымкентте «QDigital Inforum» - жобасы басталды. Жоба еліміздің 7 өңірінен 2 мыңнан астам жасты қамтиды. Мегаполистегі қазақ тілді интернет басылымдарды ілгерілетіп, сандық технологияны меңгерту шараның басты мақсаты. Екі күнге жалғасқан семинарда саланы жетік меңгерген мамандар тренинг өткізіп,электронды қызмет көрсетудің оңтайлы жолдарымен бөлісті.
Ұлттық технологиялар орталығының бас инженері Маржан Сәбденнің айтуынша «Samryk–Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен ұйымдастырған семинар – қатысушыларға берілген тың мүмкіндік. Себебі, тренингте электронды үкімет пен ІТ саланың мүмкіндіктерімен танысады. Ал, екінші күні блокчейн технологиясынан ақпар беріледі. Саланы жетік меңгергендерден дәріс алған студенттер теорияны практикамен ұштастыру жолын үйренгендеріне дән риза.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын дәріптеуге арналған ерекше жоба желтоқсанға дейін жалғасады. Жастар ресурстық орталығында өткен шара сандық технологияның қыр-сырына үңілген ізденушілердің де көптігін аңғартты.