«STEM»академиясы Шымкент қаласының білім басқармасымен келіссөздер жүргізуде. Тараптар ортақ мәмілеге келсе, аталған академия қала мектептерінде арнайы сыныптар ашпақ. Сөйтіп, мегаполистік талантты жасөспірімдер әлемдік деңгейдегі жаңа технологияларды меңгеріп, төл туындыларын жасайтын болады.
Шымкент қаласының білім басқармасы ұйымдастырған жиында кәсіптік бағдар берудің инновациялық құралы туралы сөз қозғалды. Алғашқылардың бірі болып «STEM» академиясының даму директоры Абутәліп Мүтәлі баяндама жасады. Ол академия туралы аз кем ақпарат айтып, келешекте қала мектептерінде арнайы сынып ашу туралы ойын білдірді. Өйткені бұл академия еліміздегі техникалық мамандықтардың дамуына үлес қосып жүрген бірден бір ұйым. «Біздің балалар өте ақылды. Теория жүзінде жасаған жұмыстары таң қалдырады. Енді соны жетілдіріп, техникалық мамандықты біздің орталықтар арқылы оқыту қажет»,-деді «STEM» академиясының даму директоры Абутәліп Мүтәлі. Басқосуға мектеп директорлары , ұстаздар және психолог мамандар қатысты. Одан бөлек, кәсіптік бағдар беру эксперті Балсұлу Тасполатова да арнайы келді. Ол жасөспірімдер арасындағы қауіпті топты анықтау және жұмыс жүргізу туралы баяндама жасады. Ресей технологиясын меңгерген маман жергілікті ұстаздар қауымына қарапайым тестілеуді қалай жүргізу қажеттігін түсіндіріп берді. Бұл тестті жүргізу арқылы, суицидке қатысты мәселені шешу жолын іздеумен қатар, жалпы, баланың қабілетін анықтауға болады. Жиын соңында мамандар міндетті әлеуметтік сақтандыру жайында ақпарат берілді.