Қала мәслихатының шешіміне сәйкес енді шеткі елдімекендерден орталыққа қатынайтын әлеуметтік маршруттар субсидия есебінен қаржыландырылады. Биыл қалаға 300 автобус алу туралы келісім жасалған. Ал келесі жылы тағы 700 автобус алуға қала мәслихатының шешімімен қол жеткізілген. Бұл туралы қала әкімі Ғ.Әбдірахымов мәслихаттың кезектен тыс XXXVII сессиясында мәлімдеді. Қала әкімінің айтуынша, қазіргі таңда қалада жүрген 1000 автобусқа тағы жаңа 1000 автобус қосылады. Таяуда ғана шаһардың шеткі елдімекендерінен орталығына қатынайтын 10 жаңа бағыттағы маршруттар ашылғаны белгілі. Енді автобустар саны көбейсе, қоғамдық көлікке қатысты бірқатар мәселенің оң нәтижесін көретін күн де алыс емес.
Шаһар басшысы республикалық маңызы бар шаһардың әкімшілік-мемлекеттік қызметкерлері қазан айынан бастап жаңа жалақы жүйесіне көшетінін мәлімдеді. «Келесі жылдан бастап қала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін полиция қызметкерлерінің жалақысын көтеруді де жоспарлап отырмыз. Бұл да Шымкент тұрғындарына жайлы жағдай жасауға қызмет ететін сала мамандарын, құқық қорғаушыларды қолдау мақсатында жүзеге асады, – деді қала мэрі.