Мемлекеттік жекеменшік әріптестікті тиімді пайдалану нәтижесінде Шымкент қаласында спорт нысандарының қатары артып келеді. Биылғы жылы осындай жолмен шаһарда екі ірі спорт кешені салынды. Қазір мұнда 500-ден астам бала спорттың бірнеше түрімен шұғылдануда. Сондай-ақ биыл көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы 49 шынығу орны мен 6 спорт алаңы жөндеуден өтті.
Осындай спорт кешені биыл «Жиделі» шағын ауданында да ашылды. Оның құрылысына мемлекеттік жекеменшік әртіптестік негізінде 279 миллион теңге жұмсалды. Кешенде футбол мен теннис ойнауға барлық мүмкіндік жасалған. Балалар алаңда доп тепкені үшін ашқандай ақы төлемейді. «Кешен барлық жағынан әлемдік талаптарға сай. Өздеріңіз көріп тұрғандай газон, жылумен, ыстық сумен қамтамасыз етілген. Бұл жерде аптасына 6 рет, күніне 4 ауысымда 250 бала шұғылданады»,- дейді спорт кешенінің басшысы Асқар Молдабай.
Кешенді жұмыстардың нәтижесінде бұқаралық спорт жанданып келеді. Шаһар халқының 27 пайызы, яғни 265 мың адам бүгінде спортпен тұрақты шұғылданады. Қала аумағында 800-ден астам спорттық нысан жұмыс істейді.Шымкент қалалық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Әлібек Нұртаевтың айтуынша жуырда орта мектептердің жанындағы 130 спорт залында да сабақтан тыс уақытта спортпен шұғылдануға мүмкіндік тумақ. Мұнда 227 спорт секциясы ұйымдастырылады. Ол қазір үшін білім басқармасымен келісім жасалуда.