Елбасы әр Жолдауында орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, олардың жолына тосқауыл болатын жемқорлықты азайту туралы айтып келеді. Осы орайда Шымкенттегі ең ірі өндіріс орындарының бірі - кілем тоқу фабрикасын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мамандары негізсіз айыппұлды төлеуден құтқарып қалды. Өндіріс орнына 50 миллион теңге айыппұл негізсіз салынған. Мамандар кедендік декларацияны толтыру кезінде жіберілген кемшілікті анықтап, қаржыны кәсіпорынға қайтарды. Жалпы бизнесті әкімшіліктің заңсыз қысымынан қорғау мақсатында департамент инвесторларды сыйбаластықтан арашалау, оған қарсы бірлесіп күресу жобасын қолға алды. Қаржылық қиындықтан дағдарып қалу қауіпі туған кілем тоқу фабрикасында қазір өндіріс қайта қалыпқа түсті. Бес жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын бүгінде жылына 5 миллион шаршы метр кілем тоқиды. Шығарылған өнімнің 65-70 пайызы ішкі нарықта сатылса, қалған бөлігі Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан мен Әзірбайжанға экспортталады. Фабрикада 320 адам жұмыс істейді.
Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті кілем тоқу фабрикасынан өзге тағы 10 шақты кәсіпорынға заң бойынша кеңес беріп, құқықтарын қорғап қалды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы Департаментінің басшысы Әли Көмекбаевтың айтуынша инвесторларды сыбайластық әрекетерден қорғау үш саты бойынша жүргізіледі. Әкімшілік қысымға ұшыраған кәсіп иелері алдымен аумақтық департаментке, орталық аппаратқа, ең соңында агенттік төрағасына шағымдана алады. Олармен байланыс үшін сенім телефоны мен ғаламтор желісінде арнайы сайт ашылған.