Шымкенттің 2020 жылы ТМД-ның мәдени астана атануы мақсатында соңғы 5 жылдан бері жан-жақты жұмыс жүргізілуде. Мәселен, Шымкенттің өзінде соңғы жылдары 50-ге жуық мәдени нысандар ашылды. Қазірдің өзінде Шымкент шаһарының сауда-өнеркәсіптік, мәдени-әлеуметтік жағынан алғанда үлкен орталыққа айналғаны ақиқат. 10-нан аса іргелі жоғары оқу орны бар. Қазақ, орыс драма театрларын қоспағанда кейінгі жылдары опера және балет, әзіл-сықақ пен сатира театрлары шымылдығын түрді. Алматы, Нұр-Сұлтан мен Қарағандыдан кейінгі цирк ғимараты бар еліміздегі төртінші қалаға айналды.
Шымкенттің шырайын Ордабасы алаңындағы «Жер-Ана» монументі арттыра түскен. Айта кетерлігі, монумент 2018 жылы жаңартылды. Ескерткіштің қасбеті қымбат тастармен қапталды. Монументке Елбасының сөзі латын тілінде қайта жазылды.
Бүгінгі таңда ескерткіштің аумағы абаттандырылып тұрады. Қаланың бір белгісіне айналған Қошқар ата бұлағының жағалауы да бүгінде адам танымастай өзгерді.
Бір ғасырдан кейін қайта жаңғырған «Қошқар ата сейілі» фестивалі осы өзеннің бойында өткізілуде. Төрт жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан фестиваль келесі жылы Шымкентке келетін туристердің қатарын көбейтпек.