Көзі қарақты оқырманның есінде болса 2017 жылы 11 қазанда Сочиде өткен ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысында 2018 жылы Тәуелсіз мемлекеттер достастығының (ТМД) мәдени астанасы ретінде Арменияның Горис қаласы жарияланса, ағымдағы жылы Беларусьтің Брест қаласы таңдалған болатын. Ал «Достастықтың мәдени астаналары» мемлекетаралық бағдарламасы аясында 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесіне Қазақстанның шуақты қаласы Шымкент лайық деп танылған еді.
Еліміздегі әрбір төртінші сәби дүниеге келетін миллионер шаһардың соңғы жылдары экономикалық әлеуеті де еселене түсті. Шымкенттің дәл осылай қарқынды дамуы мәдени астана мәртебесін алуға сеп болғаны сөзсіз. 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болуына байланысты Шымкентте бірнеше ірі жобалар басталды. Нақты айтқанда «SСAT» әуе компаниясы әуежайдың жаңа терминалының құрылысын бастады, желтоқсан айынан бастап Шымкент – Дубай бағытында тікелей әуе рейсі ашылды. Келесі әуе рейсі Шымкент – Қазан бағытында ашылады; теміржол вокзалы қайта құрылады.
Сонымен қатар 2020 жылға қарай Шымкент жасыл оазиске айналғалы отыр. Соңғы жылдары қала аумағында 5 бірдей саябақ ашылады деп күтілуде. Қазіргі таңда шаһардың жасыл белдеуіне негізінен арша, мәжнүн тал, емен, шаған, қарағай және калифорниялық терек егілді.