2019 жылды Жастар жылы болғандықтан, бұл жайлы Шымкент қалалық прокуратурасында жас ұрпақтың қоғамдағы мәселесі жайлы басқосу жиі болып тұрады. Әсіресе, жастар арасында қылмыстық құқық бұзушылық мәселелері талқыланады.
Қала прокуроры М.Қожабаевтың айтуынша, шымкенттік жастардың саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,3 пайызға өскен. Прокурорлық қадағалау актісіне сай, 2018 жылы орта және арнаулы оқу орындарынан 1,5 мың оқушыға (996 кәмелет жасына толмағандар, 3 жетім бала) 7,3 млн. теңге қаржылай жәрдемақы және жол жүру үстемақылары төленген. Тағы бір жағымды жаңалық, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық ісі 20,5 пайызға азайған. Заңсыз есірткі айналымы 15 пайызға төмендегенімен, прокурор олардың сату, тарату әдістері әлі де алаңдатушылық тудыратынын жасырмайды. Осы орайда, қала тұрғындары «Facebook» және «Telegram» әлеуметтік желілерінде есірткі заттарының таралуы жайлы хабарламаларды көрсе, олардың одан әрі кең жайылуына тосқауыл қою керек. Бұл үшін арнайы парақша ашу ұсынылған.
Жалпы, қаладағы жастардың қауіпсіздігі үшін полиция қызметкерлерімен «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы жиі өткізіліп тұрады. Жақында өткен шарада балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу, құқық бұзуға қайшы іс-әрекеттерге жол бермеу насихатталды. Кәмелетке толмағандарға алкоголь және темекі өнімдерін сату, олардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелері мен үйлерінен тыс жерлерде жүруі фактілерін анықтаған. Сондай-ақ, атыс, суық қару есірткі және психотроптық заттар заңсыз сақталса тәркіленеді. Осындай сипаттағы жұмыс кезінде Қаратау, Еңбекші, Абай ауданының Полиция басқармалары Жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналды полиция бөлімшесінің инспекторларымен Аграрлық колледж, «Авиценна» медициналық колледжі, №3 техникалық-индустриалдық коледжінің студенттеріне «Жасөспірім арасында құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Үш күн бойы өткен шараның қорытындысында ішкі істер органдарына – 112 жасөспірім жеткізілген.
Шымкент қаласында бүгінде бірқатар ерікті жастар полицейлерге көмектесуге талпынуда. Жалпы, шаһарда жастарға арналған 62 қоғамдық бірлестік ұйымы бар. Онда 4 мың ерікті қыз-жігіттер қаланың көркеюіне үлес қоссам деп еңбек етуде. Тәртіп сақшыларына жәрдем бергісі келетіндердің мақсаты – полиция қызметкерлеріне қоғамдық тәртіпті сақтау пен анықтауда көмектесу. Арасында тәртіп сақшыларымен бірлесіп жүргізетін құқықбұзушылықтың алдын алу іс-шараларына белсенді қатысады. Әрі айналасындағы өзге таныстарына қылмысқа бармаудың түрлі жолын айтып, қауіпті жағдайды хабарлайды.