Премьер-министр Асқар Мамин Шымкентке іс-сапармен келді. Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарының жобасы қаралды.
Кешенді жоспардың негізгі бағыттары мен іс-шаралары туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов баяндады. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Кешенді жоспарды іске асырудың қала және жалпы ел экономикасы үшін күтілетін әлеуметтік-экономикалық әсері туралы баяндады. Кешенді жоспарда барлық бекітілген жұмыстарды орындау кезеңінде жалпы 1 трлн теңгеден астам сомаға 89 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде 836 миллиард теңге (65%) – жеке инвестициялар есебінен, 68 миллиард теңге – Мемлекеттік-жекешелік әріптестігі арқылы. Бұл құжатты іске асыру қала аумағын ықшам салуды және оңтайландыруды, инфрақұрылымды тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, тұрғындар үшін қолайлы және ыңғайлы жағдайлар тудырады.
- «Шымкент – Қазақстанның өнеркәсіптік, сауда-саттық және мәдени орталықтарының бірі», – деген Үкімет басшысы қаланы одан әрі дамытуды қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Кешенді жоспарды жүзеге асыру инвестициялардың көлемін бес жылдың ішінде 1 трлн теңгеге дейін жеткізу үшін жағдайлар жасауға мүкіндік береді. Инвестициялық әлеуетті дамыту мақсатында жаңа «Жұлдыз» және «Шымкент агро» индустриялдық аймақтарының құрылысын қамтамасыз ету, «Оңтүстік» АЭА территориясын ұлғайтуды қамтамасыз ету тапсырылды.