Ұлттық домбыра күні мерекесінде Шымкент шаһарында қала әкімдігінің қолдауымен Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қасиетті Домбыра» акциясын өткізді. Ассамблея мүшелері қалалық перинаталдық орталық пен қалалық перзентханада сол күні бірінші болып дүние есігін ашқан ұл мен қызға ізгі тілек жазылған хат, ата-аналарына домбыра мен арнайы сыйлықтар тарту етті. Сондай-ақ, домбыраның бұрауын келтіріп, бақытты ата-аналарға күмбірлете күй тартып берді. Жас ана Гульвира Байтуғанова мейрамда дүниеге келген ұлының келешекте танымал өнер иесі болатынына сенімді.
– Домбыра күні мерекесі жүрегімізге жылылық ұялатып, жанымызды жадыратты. Өйткені, сырт көзге қарапайым музыкалық аспап болып көрінетін домбырамен өзгеше өрнектелген әуендер мен күйлер барша қазақстандықтарды ұйыстырып келеді. Елбасының бастамасымен жүзеге асып жатқан айтулы күн ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау, қайта жаңғырту идеясының төңірегінде қоғамды одан әрі топтастыра түседі. Елдегі игі бастамаларға үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан этномәдени бірлестіктердің мүшелері бұл мерекені атап өтуге белсене қатысып жатыр, – дейді Шымкент қалалық әзербайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, Арзу Гурбанова.
Қалалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері ұлттық бірегейлікті сақтап, қоғамды біріктіре түсетін домбыра күні аясында өтіп жатқан барлық шараларға белсене қатысуда. Бұл күн рухани жаңғыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылған ең сүбелі істердің бірі.