Шымкентті дамытудың кешенді жоспары аясында 2023 жылға қарай жалпы өңірлік өнім 3,5 трлн теңгеге жетіп, 175 пайызға өседі. Өнеркәсіп көлемі екі есе артып, 60 мыңнан астам жұмыс орыны ашылады. Үкімет отырысында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов осылай мәлімдеді.
Әкім тұрғын үй құрылысын дамыту бағытына тоқталды. Бас жоспарға сәйкес әкімшілік әрі іскерлік «Шымкент сити», «Тұран» шағынаудандарындағы жер телімдері мен Қошқарата өзенінің жағалауы көпқабатты тұрғын үйлер салу үшін белгіленіп отыр. Кешенді жоспар аясында аталған аймақтарға инженерлік жүйелер тартылуда. 2023 жылға дейін 20794 пәтерлі 319 көп қабатты тұрғын үй салынады деп жоспарланып отыр.
Мегаполис басшысының мәлімдеуінше, қаладағы демографиялық өсімге байланысты жыл сайын оқушылар саны 10 мыңға артады. Бүгінгі таңда 19 мектептің үш ауысымға өту қауіпі бар. Осыған қарай 23500 оқушыны қамтитын 15 жаңа мектеп ғимараттарын салу қарастырылған. Сонымен қатар, жекеменшік мектептер санын арттыру көзделуде. Денсаулық сақтауды дамыту аясында жеке инвестициялар есебінен 1000 төсек-орынды көпбейінді аурухана салу жоспарланған.