Еліміздің үшінші мегаполисінде 2019 жылғы қаңтар-маусымда қала бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 85 735 млн. теңгені құрады. Бұл туралы биылғы қаңтар-маусымдағы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің қорытындыларын баяндаған Шымкент қалалық Статистика департаментінің басшысы Ерназар Құлтаев бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
– Салалар кесіндісінде биылғы алты айдағы инвестиция салымдарының басым бөлігін өнеркәсіп құрайды. Қаланың өнеркәсіп саласына салынған инвестиция 32 168 млн. теңге. Бұл биылғы алты айдағы тартылған инвестицияның 37,4 пайызын құрайды. Одан кейінгі кезекте жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар саласына салынған қаржылар тұр. Бұл салаға бағытталған инвестиция 31 453 млн. теңге немесе 36,7 пайыз. Үшінді орында 8,9 пайызбен көлік және қоймалау саласы иемденді. Оған тиесілі инфестиция көлемі 7 631 млн. теңгені құрады,– деді Ерназар Сейітханұлы.
2019 жылдың 6 айында негізгі инвестициялық салымдардың 54,4 пайызын шағын кәсіпорындар жүзеге асырған, олардың көлемі 46610,2 млн. теңгені құрады.