Шымкенттік үш жеткіншек Сұлтан, Даниял, Мирас жаңа жоба ойлап тапты. Олардың әлеуметтік жобасы қаланың тазалығына ат салыспақ. «Біздің мақсат – қала тұрғындарын тазалыққа баулу арқылы мәдениетін арттырып, экологиялық ахуалды жақсарту. Бір өкініштісі, жаз айларында қоқыс шашылып, қаланың сәнін бұзады. Қоқыс жәшіктеріне жетпей қалдықтарды тастап кететін тұрғындар көп, ал арнайы ыдыстар үнемі толып жататынын байқап жүрдік. Кейін келе осы мәселені шешу үшін жаңа қызмет түрін ұсынуға көштік. Арнайы жейделер алдырдық. Қазір 8-9 сыныпты аяқтаған 25 адамнан құралған топ бар. Нұрсәт шағынауданындағы №168, 169, 170 үйлердің тұрғындарымен келісе отырып, бір мезгіл қоқыстарын алып кетіп отырамыз», - дейді жоба жетекшісі Сұлтан Балғабай.
2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы ретінде таңдалып алынған көне шаһардың тазалығы үнемі басты назарда болуы тиіс. Әлеуметтік жоба арқылы қаланың дамуына өз үлестерін қосуды көздген үш оқушының мақсаттары айқын. Олар жазғы демалыста 2000-ға жуық пәтердің қоқысын тиісті орынға жеткізіп беріп отырмақ.
«Бұл өз кезегінде мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарт кісілерге көмек болар еді», дейді жоба жетекшісі. Егер әлеуметтік жоба қолдау тауып жатса, коммерциялық жоба ретінде жалғасады. Онда тұрғындарға арнайы ыдыстар таратылып, бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істеуге көшеді. Ал түскен қаражатты жастар әлеуметтік жобаларды жандандыруға салмақ.