«Бозарық» шағынауданына бүгіннен бастап №171 бағытта су жаңа автобустар жолаушыларды тасымалдай бастады. Бұл туралы Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қоғамдық көлік бөлімінің басшысы Наурыз Сүгірәлиев хабарлады. Жаңа бағытта 12 автобус қызмет көрсетуде.
Жаңа бағыттағы автобус «Бозарық» шағынауданынан Темір жол вокзалына дейін жүреді. Атап айтсақ, Бозарық – Еламан – Тұран – Қайнар – Ипподром – Зообақ – Тұлпар – Дендросаябақ – Нұрсәт шағынауданы – Айқап 1,2 – Дулати – Тоқыма фабрикасы – Кең баба – Орталық базар – АР3 – Темір жол вокзалы бойынша қызмет көрсетеді. Автобустардың қозғалыс аралығы – 10 минут.
Наурыз Сүгірәлиевтің айтуынша, биылға жоспарланған 300 автобустың 280-і қалаға әкелінген. Жалпы қалаға 1000 автобус әкелу жобаланған.
– Жеті бағытта жаңа автобустар жолға шықса, екі-үш күнде тағы 2-3 бағытты жүргізу жоспарда. Бұлардың бәрі де қаланың орталығында қатынап жатыр. Бірқатар мәселелер шешімін тапты. №16 бағыт тоқтап қалған еді. Оны қайта жүргіздік. №45 бағыт шағын автобус еді. Кеңейту бойынша көп шағымдар түсті. Қазір ол бағытта да жаңа автобустарды қатарға қостық. Бұл бағыттағы бұрынғы ескі автобустар да қосымша жүре береді. Қайсысына міну – ол халықтың таңдауы. №71 бағыт бойынша №171 жаңа бағытты ашылды, – дейді бөлім басшысы.
Сүгірәлиевтің сөзіне сүйенсек, қалған 700 автобус келесі жылдың ортасына дейін жеткізіледі.