Шымкент қаласында «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында биыл көпқабатты 132 тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Бұл туралы Шымкент қалалық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Өтенбаев айтты.
Бүгін «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалында қаладағы банк өкілдері және құрылыс басқармасы мамандарының өңірдегі «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру жайын талқылаған жиынында айтылғандай, Өтенбаев таратқан деректерге сүйенсек, 132 көпқабатты тұрғын үйдің 5-еуі биыл пайдалануға берілген. Жоспарға сай тағы 6 көпқабатты үй жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі екен.
Басқарма басшысының орынбасары жоспарланған 123 көпқабатты тұрғын үйден бөлек, «7-20-25» бағдарламасы аясында “SHYMKENT” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” акционерлік қоғамы тарапынан 1016 пәтерлік көпқабатты 24 тұрғын үй салынып жатқанын жеткізді.
Кездесуде Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық Кеңестің мүшелері басқармалар мен банктерге аталған бағдарлама аясында жұмысты жандандыру мақсатында тығыз қарым қатынас орнатып, тұрғындарға оңтайлы болу үшін жаңа бастамаларды қолға алуды ұсынды.