Қаладағы жасөспірімдер үйінде тәрбиешілер мен тәрбиеленушілер арасында «Ризамын қазақ халқына!» атты кездесу кеші өтті. Татулық пен ынтымақтастықтың, бірлік пен берекенің белгісі ретінде ұйымдастырылған іс-шараның қонағы Шымкент қалалық өзбек драма театрының қызметкерлері Дилфуза Ибрагимжанова мен Бахром Искандеров болды.
Кеш қонақтары қазақ халқының достық құшағы, мейрімінің арқасында елімізге депортацияланған өзге ұлт өкілдерінің алғыстары шексіз екенін әңгімеледі. «Шырайлы Шымкент қаласында өзбек этнос өкілдері көп шоғырланған. «Өзбек өз ағам» деп біздерге ерекше сый құрмет көрсеткен қазақ халқына айтар алғысымыз шексіз. Біздер Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Бұл қазақ ұлтының шексіз мейірімділігі мен жүрегінің кеңдігінің арқасы деп білемін»,- деді сөз кезегінде Бахром Искандеров.
Шара барысында жастар арасында сауалнама, әдеби - викторина жүргізу барысында жастар ұстаздарына, тәрбиешілеріне өз ризашылықтарын айтып, алғыстарын білдіріп жатты. Кеш барысында әсем әндерімен Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері Құндызай Елекеева "Сирень гүлдер", Райхан Сейдалиева "Мерейлі күн" , "Жібек сезім" сазды әуендерін орындап оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Кеш қонақтары да ыстық лебіздерін білдіріп өз өнерлерін көрсетті. Аталмыш тақырыпта көлемді кітап көрмесі көркемделді.
Жасөспірімдер үйінің директоры кешті қорытындылап, кітапхана қызметкерлеріне рахметін айтты.