Шымкентте бастау алған ірі құрылыстардың бірі Рысқұлов-Қонаев қиылысындағы жолайрық. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан мамандар жобаны жалғастыруда. Құрылыс жұмыстарының бүгінгі нәтижесі туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов фейсбук әлеуметтік желісінде жазды.
«Жол құрылыс саласында қысы-жазы тоқтаусыз қызу жұмыстар жүріп жатыр. Қазіргі ең үлкен маңызды жобалардың бірі – Рысқұлов-Қонаев қиылысындағы жолайрық. Тоқтаусыз жұмыс нәтижесінде бүгінге дейін 1,92 км су, 1,82 км газ құбырларының, 1,2 км электр және алты шақырым байланыс сымдарының орны ауыстырылған. Сондай-ақ 350 метр тоннел қазылып, 220 метр тіреу қабырғалары құйылып, жеті дана бағана орнатылып, 106 дана қада құйылған. Жоспарланған меже бойынша, Қонаев даңғылын 1 қыркүйекке дейін, ал Рысқұлов көшесін көпірдің құрылысымен бірге 1 қарашаға дейін ашуымыз керек», - деді М. Исахов.
Сондай-ақ, қала әкімінің орынбасары шаһардағы ауқымды жобалардың бірі - Қонаев даңғылы жалғасының үш кезеңі туралы баяндап өтті.
«Бүгінгі таңда, 700 метр екі бағытты айналма темір жолын, 948 метр кәріз құбырын салу, 3,4 шақырым кабель желілері, 24 темір жол электр бағаналарын және екі дана жерасты жаяу жүргіншілер өткелін орнату жұмыстары орындалды. Дәл қазір уақытша айналма темір жолының екі бағыты негізгі магистралды темір жолға қосылып, Темір жол көпірінің қадаларын құю жұмыстары қызу жүргізілуде», - деді Мақсұт Пернебайұлы.