Биыл Шымкенттің шетіндегі шағынаудандардың жолдары жақсаратын болды. Жыл соңына дейін еліміздегі үшінші мегаполистің 63,6 пайыз жолы жақсарып, 172 шақырымға ұласқан топырақ жолдарына шағал тас төселетін болады. Сондай-ақ қаланың 3247 шақырым жолы жөнделеді деп жоспарлануда. Оның басым бөлігі яғни, жұмыстың 90 пайызы шалғайдағы шағынаудандарға бағытталып отыр екен. Ал, қала орталығындағы магисталды 9 көшенің жағдайы жақсармақ. Олардың қатарында өтпелі нысандар, Республика даңғылы мен Тұрар Рысқұлов көшелері бар. Биылға межеленген жұмыстардың бүгінде толығымен мердігерлері анықталған. Жолдардың жақсаруына 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасының септігі тиіп отырғанын айта кетейік.
Қаланың 4 ауданы бойынша жіліктеп айтар болсақ, биыл Абай ауданында 81 шақырым ішкі орам жолдары төселеді деп күтілуде. Ал, Әл-Фараби ауданы бойынша 6,5 шақырым, Еңбекші ауданы бойынша 64,5 шақырым, сонымен қатар, Қаратау ауданы бойынша 90 шақырым жол салынады екен. Сондай-ақ, күрделі жөндеу жұмыстары да күн тәртібінен түспек емес. Бұл мақсатта шаһардың 50 шақырымға жуық жолы жаңартылады деп жоспарлануда.
«Биыл 168 нысан немесе 295 шақырым автомобиль жолдарын саламыз. Осы жылы пайдалануға берілетін жолдар 155 нысан немесе 248 шақырым жолды құрайтын болады. Биыл жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 63 пайызға жеткізуіміз керек. Ал 13 нысан немесе 46 шақырым жол келесі жылға өтпелі»,- дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов.
Қала көшелерінде кептеліс тудырмауға көп көмегін тигізіп жүрген оң жақ өткелдердің саны биыл 11-ге артатын болды. Сонымен қатар, шаһар бойынша 60 шақырым аяқ жол төселіп, 256 аянышты күйге енген аялдамалар жаңартылады деп жоспарлануда. Жалпы алғанда, бұл жұмыстардың бәрі 32 млрд теңге қаралыпты.