Биыл «Балалар мен жасөспірімдер оқуын қолдау жылы». Осыған орай жыл сайын өтетін «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Шымкент республикалық «Жас ұлан» мектебі кітапханашыларының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына –30 кітап» тақырыбында кітап көрмесі өтті. Шара аясында оқырмандарға арнайы түсірілген бейнеролик көрсетілді. Ондағы мақсат өскелең ұрпақтың зияткерлік-рухани дамуына ықпал ету болып табылады.
Осы орайда «Жас ұлан» мектебінің кітапханасы «Президент ұсынған 30 кітап» акциясы аясында әлем және қазақ әдебиеті классиктерін, публицистика, ғылыми-танымдық, рухани жаңғыру жанрларындағы кітаптар оқуды мектептің әскери қызметшілері мен жеке құрамына және ұландарға ұсынады. Ұсынылып отырған таңдаулы 30 кітаптың ішінде ақын Мұқағали Мақатаевтың «Өмірдастан», Ұлықбек Есдәулеттің «Киіз кітап», Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр», Толымбек Әбдірайымның «Алабұға аулаған күн» секілді таңдаулы шығармалар бар.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеуге деген қызығушылықты дамыту көзделген. Бағдарламаның тұздығы аталмыш акцияның да мақсаты – халық әдебиетін насихаттау, тарихи, мәдени және рухани мұраны сақтау, жастарға адамгершілік-патриоттық тәрбие беру, ана тілін құрметтеу.