Шымкентте қала аумағындағы ішкі орам және шалғайдағы елдімекен көшелеріне зерделеу жұмыстары жүргізілген. Топырақ жабындысы бар 172 шақырым көше анықталды.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының мәліметінше, биыл 153 шақырым топырақ көшелерге тас төсеу үшін 600 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылып, жеңімпаз мекемемен келісімшарт түзілді. Жөндеу жұмыстарын шілде айында аяқтау жоспарлануда.
Сонымен қатар, инженерлік коммуникация құрылысынан кейін қайта қалпына келтіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмейді. Соның салдарынан шағал тас жабындысы бар 180,1 шақырым көшелердің техникалық жағдайы нашарлап, қайтадан тас төсеу жұмыстарын жүргізуді қажет етуде. Бұл жұмыстарға бюджеттен орта есеппен 800 млн. теңгедей қаржы қажет.
Ағымдағы жылдың 1-тоқсанында жоспар бойынша құрылыс жөндеу жұмыстары бастау алып, 1,1 млрд. теңге игерілген. Оның ішінде, ауқымды жобалар – Қонаев-Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы жолайрық, Қонаев даңғылы жалғасының 1-ші және 3-ші кезеңдері, А-2 автомобиль жолының 2-ші кезеңі.
Басқарма басшысы Е.Жолдасовтың айтуынша, бүгінгі таңда қалада құрылыс-жөндеу жұмыстарымен 168 нысан қамтылған. Оның 134-і жаңа нысандар болса, қалған 34-і өткен жылдардан өтпелі нысандар. Жыл қорытындысы бойынша 155 нысан (248,8 шақырым) пайдалануға беріледі. Атап айтқанда, құрылыс-қайта жаңарту – 5, күрделі жөндеу – 4, орташа жөндеу – 138.
2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында ағымдағы жылы іске асыру жоспарланған орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары қыркүйек айында толығымен аяқталады дейді мамандар.