Шымкентте «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы 147 отбасы баспаналы болды. Арендалық пәтерлер көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларына және жетім балаларға берілді. Жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған азаматтар бүгін Асар шағынауданында бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлерге қоныстанды.
Көп балалы ана Құралай Тоқмырзаеваның қуанышында шек жоқ. Жылдар бойына кезекте тұрған отбасы 3 бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Алғаш рет баспаналы болған алтын құрсақты ана да балалар да мәз-мейрам болысты. «Сабырлықпеп күттік бұл күнді. Кезегімізді көріп отырдық. Қуаныштымын. Пәтер ұнады»,- дейді көп балалы ана. Мамандардың мәліметінше биылдыққа 1 мыңға жуық отбасына арендалық пәтер беру жоспарланған болса, 600 ден астамына пәтер кілттері табысталған.
«Қалғаны жыл соңына дейін пәтерлерін алады. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны – 1 723, көпбалалы отбасылар – 7 889, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары – 15 152, мемлекеттік қызметкерлер – 19 844, жалғыз үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар – 27»,- дейді Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы Азамат Рысжанов.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың сәуір айында тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегінде тұрған 161 азаматқа сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер қолданысқа берілсе, алдағы уақытта 369 азаматтың пәтермен қамтылуы жоспарлануда. Ал 2020 жылы тұрғын үй кезегіндегі 392 азамат арендалық баспанаға қол жеткізген. Оның ішінде көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топ мүшелері, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтар бар. Бұдан бөлек 300 пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға берілген.