Биыл сәуірде Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақалалық бағдарламасының жарияланып, еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырыла бастағанына 4 жыл толды. Бұл уақыт ішінде қоғамдық сананы жаңғыртудың нақты бағыттары айқындалып, қазақстандық қоғамның дамуының бірегей беталысы көрініс тапты деуге болады. Шымкент қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын сапалы жүзеге асыру мақсатында құрылған Өңірлік жобалық кеңсе өңірдегі 4 аудан әкімдіктері және жауапты басқармалармен, тиісті мекеме-ұйымдармен бірлесе бірнеше бағытта жұмыс істеуде.
Соның ішінде «Туған жер» арнайы жобасы аясында 2020 жылдың өзінде 362 ірі, шағын жобалар іске асырылған. Негізгілеріне тоқталсақ, меценаттар, демеушілер көмегімен салынған, жөнделген 112 нысан тұрғындардың пайдалануына берілді. Онда негізгі екпін қоғамның өзекті мәселелерін шешуге және туған өлкені дамытуды мақсат тұтқан белсенді әлеуметтік, қайырымдылық шараларға бағытталған.
«Демеушілік, меценаттық бойынша жалпы сомасы 2 501 900 000 теңгеге әлеуметтік нысандарды жөндеу, салу және қайырымдылық акциялары іске асырылды. Алғашқы үш айда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 106 іс-шара ұйымдастырылды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қала әкімінің қолдауымен, Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» жалпыұлттық жобасы аясында әдеби шығармалар конкурсы өткізілді. Шымкент қаласында «Smart Hub SILKWAY» IT орталығы құрылды. IT орталық Ақпараттық технологиялар саласындағы болашақ мамандардың инновациялық идеяларын жүзеге асыру үшін қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді. Шымкент мектептерінде «Кітап оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында кітап талқылау дәрістері ұйымдастырылуда»,- дейді Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Зәуре Оралбаева.
Кеңсе жетекшісінің айтуынша аталмыш бағдарлама әсіресе жастарға рухани демеу болып, тарихымызды, салт-дәстүрімізді, болмысымызды танытуға үлкен септігін тигізуде.