Тағдырдың сынағына ұшырап, арбаға таңылған жандарды қоғамға бейімдеу аса маңызды. Себебі мүмкіндігі шектеулі жандардың да өзгелер секілді білім алуға, жұмыс істеуге құқығы бар. Елімізде мүгедектерге медициналық көмектен өзге оңалту шаралары, психологиялық-әлеуметтік көмектер көрсетіліп келеді. Әсіресе төрт қабырғаға қамалған жандарды жұмыспен қамтып, олардың өмірге деген құлшынысын арттыру бағытына ауқымды шаралар атқарылуда. Айталық Шымкент қаласында жыл басынан бері 283 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамтылған. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, жыл соңына дейін тағы 700-ден астам мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмыспен қамту іс-шараларына қатыстыру жоспарлануда.
Жұмысқа орналасқан азаматтардың бірі – Абылайхан Әбдіқадіров. 23 жастағы азаматтың денсаулығында туа бітті ақауы бар. Алайда қиындыққа мойымай, еңбектенгісі келеді. Қазіргі таңда «Шапағат» арнайы қызмет көрсету орталығында қоғамдық ақылы жұмыс бағдарламасы бойынша қызмет атқарады.
– Мамандығым заңгер. Алған білімім мен тәжірибеммен қоғамға пайдамды тигізіп, жұмыс істегім келеді. Өмірде адал қызмет ету – басты мақсатым. Жұмыс істеймін деген адамға барлық мүмкіндік бар. Менің тағдырластарыма айтарым қиындықа қарамай алға ұмтылу керек, – дейді Абылайхан Әбдіқадіров.
Айта кетсек, Шымкент қаласында азаматтарды жұмыспен қамту бағытында бірқатар «Еңбек» сынды бағдарламалар жүзеге асырылуда. Кез келген азаматтың жұмыспен қамту іс-шараларына қатысуға мүмкіндігі бар.