Шымкентте қыздар арасында Ұлттық Мектеп Лигасының "Былғары доп" жарысы басталды. Онда республиканың әр өңірінен келген 9 команда сайысқа түсуде. Ұйымдастырушылар мектеп оқушылары арасындағы дәстүрлі спорт додасының аясы кеңейіп келе жатқанын айтады.
Ұлттық Мектеп Лигасының ашылу салтанаттына Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының өкілдері қатысып, өрендерге сәттілік тіледі. Бұл додаға Алматы, Атырау, Қарағанды, Павлодар, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан өңірлерімен қоса Шымкент өқаласынан бас-аяғы 9 команда бәсекеге түсуде. Шымкенттік сайыпқырандар бабында.
Қазіргі уақытқа дейін шымкенттік шәкірттер Ұлттық мектеп лигасы аясында өтіп жатқан 36 жарыстың 24-іне қатысып, оның жеті түрінен бірінші орынды иеленді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да жергілікті спортшыларға үлкен үміт артып отыр..
Қыздар арасындағы футболдан жарыс 13 маусымға дейін жалғасады. Осыдан бірер жыл бұрын ғана қолға алынған Ұлттық мектеп Лигасының аясы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Небәрі 3 спорт түрінен бастау алған байрақты бәсеке қазір оннан астам спорттың түрін қамтып отыр.
Айта кетейік, бұл лиганың мақсаты – оқушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, патриоттыққа тәрбиелеу.