Бүгінде білім мен инновацияны дамытушы орталыққа айналған, болашағы жарқын жастарды өз ісінің маманы етіп даярлайтын мекеме Жұмабек Тәшенев университетінің құрылғанына ширек ғасырдан асыпты.
О баста оңтүстіктің шалғай өңірлеріндегі жастардың жоғары білім алуына жағдай жасап, Түркістан облысы, Жетісай қаласында «Сырдария» университеті болып іргесін қалаған мекеме, бүгінде еліміздің үшінші мегаполисі Шымкент қаласында халыққа қалтқысыз қызмет етіп, білімді жастар санатын көбейтіп келеді. Осы білім ордасына қазақ елінің елдігін сақтап қалуға бар күш-жігерін жұмсаған мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің есімі мен жарқын бейнесі университет жастарының патриоттық рухын көтерері анық. Оның еңбекқорлығы мен отансүйгіштік қасиеті кейінгі ұрпаққа таптырмайтын үлгі, өлмейтін өнеге.
Биылғы ақпанның алғашқы күні Жұмабек Тәшенев атындағы университет жастары үшін қуанышты сәттермен астасқан ерекше күн болып қала беретіні анық. Олай дейтініміз, заман талабына орай университет білім алушы жастарының идеясымен EDU AI жасанды интеллект орталығында және Робототехника зертханасында жасалып, қолданысқа енгізілген құрылғыларды Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің өз көзімен көріп, жоғары баға бергендігі болды.
Іс-сапармен келген сала министрінің оқу ордамызға ат басын бұрып, білім алып жатқан болашақ мамандардың бүгінгі беталысына ерекше мән беруі – Тәшенев университеті жастарына шуақ сыйлады. Кездесу барысында университетіміздің негізін қалаушы, «Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университет» АҚ Басқарма басшысы ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор О.Аяшев министрге ұжым қызметкерлерінің және барша білім алушылардың (студенттер мен магистранттар) атынан ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.
Бүгінде цифрлық экономика және IT саласы үшін болашақ мамандарды даярлауға арналған инновациялық орта құруға белсенді түрде жұмыс істеп жатқан университеттің жасанды интеллект және робототехника орталығының директоры Арыстан Сәдуақас осы бағыт жайлы, оның негізгі миссиясы туралы айтып өтті.
«Бізде робот-техника бағыты үшін қажетті барлық жабдықтар бар: 3D-принтерлер, лазерлік станоктар, роботтар және жарыс алаңы. Бұл студенттерге өз жобаларын әзірлеп, тәжірибеде сынауға мүмкіндік береді. Біздің миссиямыз – студенттерге заманауи білім алуға, техникалық дағдыларды дамытуға және болашақ цифрлық экономикаға дайындалуға мүмкіндік беретін инновациялық орта құру», – дейді А.Сәдуақас.
Университет жастарының тыныс-тіршілігімен танысу барысында министрді жасанды интеллект орталығы мен зертханаларда өз білімдерін тәжірибе түрінде көрсете білген университет жастарының идеяларын ағылшын тілінде жете түсіндіре алғандығы мен әрбірінің еркін форматта диалогқа түсе білгендігі қатты қуантты.
Студенттердің жұмыс істеуіне өте қолайлы 3D-принтерлермен, 3D-көзілдіріктермен, лазерлік станоктармен, роботтармен және жарыс алаңдарымен толық жабдықталған робот-техника зертханасының ерекшелігі – студенттерге өз жобаларын әзірлеп, тәжірибеде сынауға мүмкіндік береді, сондай-ақ олардың нақты өнеркәсіптік жобаларға қатысуына тікелей жол ашады. Заманауи идея алмасу алаңында студенттерге сала министрі жасап жатқан заманауи құрылғыларын қолданысқа кеңінен енгізіп, озық идеяларын жоғары оқу орындары қауымдастығы мен белсенді жастары арасында үнемі бөлісіп отыруды ұсынды.
Сонымен қатар министр С.Нұрбек университеттің тәулік бойы жұмыс істейтін Коворкинг орталығы және заманауи білім беру мен сандық жүйеге бейімделген кітапханасымен танысып, сабаққа дайындалып отырған жастармен кеңінен пікірлесті. Пікір алмасу кезінде студент жастар өз қуаныштарын жасыра алмай, озық технологиялармен жабдықталған кітапханадағы білім алушыларға қолжетімді игіліктердің тиімділігін қолмен жасап көрсетіп, министрмен бөлісті.
Өз кезегінде министр университет базасындағы заманауи стандарттарға толық сәйкес, 200 орынға есептеліп жабдықталған Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) өткізуге арналған Республикалық тестілеу орталығымен танысты. Университет ректоры, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Қ.Байболов университет базасында орналасқан аталмыш орталықтағы талапкерлерге жасалған қолайлы жағдайлар мен қажетті орындарды көрсетіп, Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу ережесіне сай ашықтық пен тәртіптің қамтамасыз етілгендігін баяндап өтті. Оқу ордамыздың базасында талапқа сай 2025 жылдың 13 қаңтары мен 10 ақпаны аралығында күніне 180-200 оқушыдан екі лек (поток) кіріп жатқан тестілеу орталығының жұмысына оң баға берілді.
Жұмабек Тәшенев университетінде басты қызмет көрсетілуге лайық тұлға студент болғандықтан, заманауи барлық игіліктер білім алушылардың ыңғайына қарай бағытталады. Оның дәлелі ретінде 2024 жылдың қыркүйегінде қолданысқа берілген Мархабат Байғұт атындағы студенттер орталығын айтуға болады. Бұл орталықта университеттің талантты жастары мен белсенділері жиі бас қосып, озық идеяларын ортаға салу арқылы түрлі форматта диалог алаңын ұйымдастырады. Диалог алаңында университетіміздегі 30-ға жуық үйірменің мүшелері мен 10-ға жуық студенттік клуб жетекшілері және топ басшылары өз ойларын сарапқа салады.
«Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, университет жастарының жасанды интеллект бойынша батыл қадамдарына ерекше мән беріліп, Ғылым және жоғары білім министрімен өткен диалог университет ұжымы және білім алушы жастар үшін үлкен мәнге ие. Бұл кездесу университет жастарының санасына серпіліс беріп, болашаққа деген үміттеріне үлкен сенім ұялатты.
Айта кетейік, бүгінгі таңда аталған университетте 9000-нан астам студент білім алып жатыр. 13 бакалавриат және 5 магистратура бағыты бойынша 60-тан астам білім беру бағдарламалары іске асырылуда. Университет студенттерге жайлы жатақханалар ұсынып, кең ауқымды пәндер бойынша сапалы білім алуға кепілдік береді.
Ғалымжан БИТҰРСЫН,
Жұмабек Тәшенев атындағы университеттің
әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры,
Ұлттық Заң академиясының кореспондент-мүшесі