Шымкент қалаcы әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек әкім орынбасары Руслан Берденовке қарулы шабуыл жасалған кезде қайда болғанын және оқиғаның қалай болғанын айтты деп хабарлайды rgmedia.kz тілшісі.
- Оқиға болған орынға тез арада шықтық. Полиция, жедел жәрдем шақырылды. Руслан Берденов тез арада ауруханаға жеткізілді. Жасалған операция ұзақ уақытқа созылды. Қала әкімі, орынбасарларымен операция біткенше ауруханада болдық. Операция аяқталған соң ғана тарадық. Жағдайды толық бақылауда ұстадық. Полиция шұғыл әрекет жасап, күдіктіні ұстап, тез арада тергеу амалдарын бастап кетті. Медицина қызметкерлері де кәсіби біліктілік көрсетті. Қала әкімінің атынан полиция мен медицина қызметкерлеріне алғыс айтамын, - деді Сәрсен Құранбек.
Сондай-ақ, ол күдіктінің мұндай қылмысқа не үшін барғаны жайында желіде тараған ақпараттарға қатысты ойын айтты.
"Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Прокуратура тарапынан бақылауда. Бұл адамның қылмысқа не себепті барғандығын айта алмаймыз. Айтуға құқығымызда, өкілеттілігімізде жоқ. Тергеу амалдарының дұрыс жүргізілуі үшін ешқандай түсініктеме бере алмаймыз. Қылмыскердің бұл қылмысқа не үшін барғаны жайында неше түрлі әңгіме айтылып жатыр. Біздің білуімізше оның ешқайсысы шындыққа жанаспайды. Тергеу нақты мәліметті береді", - деді Сәрсен Құранбек.
Еске сала кетейік, Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қасақана оқ атылған болатын. Жараланған әкімдік қызметкері қазір ауруханада. Науқасқа ота жасалды.