
Мамандар бұл жағдайды ескі автокөліктер санының көбеюі, өнеркәсіп өндірісінің ұлғаюы және индустриялық аймақтардың кеңеюімен байланыстырады деп жазады ҚазАқпарат.
Бүгінде Шымкентте экологиялық қауіптілігі бойынша бірінші санаттағы 40 кәсіпорын, екінші санаттағы 146, үшінші санаттағы 477 және төртінші санаттағы 368 кәсіпорын тіркелген.
2023-2025 жылдар аралығында стационарлық көздерден атмосфераға шығарылатын зиянды заттардың көлемі 31,6 мың тоннадан 40,05 мың тоннаға дейін артқан. Мамандар бұл өсімді жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы, индустриялық аймақтардың кеңеюі және автокөлік санының артуымен түсіндіреді.
Қазіргі таңда Шымкентте 438 255 көлік тіркелген. Оның ішінде ең көбі, яғни 379 132-сі — жеңіл автокөлік. Сонымен қатар, 152 867 көлік 20 жылдан астам уақыттан бері пайдаланылып келеді.
Бұдан бөлек, қала жолдарында 32 594 жүк көлігі, 6 309 автобус және 1 487 мотоцикл жүреді. Көршілес Түркістан облысынан күн сайын қалаға кіріп-шығатын көліктер ағыны да жағдайды күрделендіріп отыр.
Қалалық экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаевтың айтуынша, 2025 жылдың ақпан және маусым айларында департамент зертханасы полиция қызметкерлерімен бірлесіп автокөліктерден бөлінетін зиянды заттарды бақылау мақсатында рейдтер өткізген.
— Рейд барысында 172 көлік тексерілді. Оның 56-сында көліктің түтініндегі зиянды заттардың мөлшері белгіленген нормадан асып кеткені анықталды. Нәтижесінде жүргізушілерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 334-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды, — деді ол.
Қаладағы ауа сапасын «Қазгидромет» мекемесінің жеті бақылау бекеті қадағалайды. Оның төртеуі қолмен сынама алады, ал үшеуі автоматты режимде жұмыс істейді.
Мониторинг нәтижесі бойынша Шымкенттегі атмосфералық ауаның ластану деңгейі әлі де жоғары күйінде қалып отыр. Ең көп шекті мөлшерден асу жағдайлары Самал-3 және Нұрсәт шағынаудандарындағы бекеттерде тіркелген.
2025 жылы ауа құрамындағы зиянды заттардың шекті мөлшерден асуы 10 927 рет тіркелген. Осы көрсеткіштер бойынша Шымкент еліміздегі ауасы ең ластанған он қаланың қатарына енген.
Өткен жылы қалалық экология департаменті кәсіпорындарға 34 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 29 нұсқама берілді. Экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеген бес кәсіпорынның қызметі сот шешімімен уақытша тоқтатылып, айыппұл салынды.
Сонымен қатар, құқық қорғау органдарымен бірлесіп 50 әкімшілік іс қозғалды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 40,6 млн теңгеден асты. Оның 32,6 млн теңгесі бюджетке өндіріліп алынған.
Айта кетейік, қалалық экология департаментінде 11 мемлекеттік қызметкер және 13 штаттан тыс маман жұмыс істейді. Олар экологиялық талаптардың сақталуын бақылап, ауа, су және топырақтың зертханалық мониторингін жүргізеді.
Бұған дейін Шымкент қаласының экология департаменті тұрғындардан түсетін шағымдардың әлі де азаймай отырғанын атап өткен болатын. Қала тұрғындары жеке секторларда мал ұстау, қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды өртеу, моншалар мен металл қабылдау пункттерінің жұмысы, түнгі уақытта таралатын өткір иістер, кәсіпорындардан шығатын зиянды қалдықтар және қаланың түрлі аудандарында пайда болатын бейберекет қоқыс үйінділері туралы жиі хабарлайды.
Түскен өтініштердің басым бөлігі ауа сапасының төмендеуі мен жағымсыз иістерге қатысты болып отыр.
