Пайдасын қытайлар көріп, зардабын қазақтар тартады

Screenshot_2.jpg

Билікке ақша қымбат па, халықтың денсаулығы қымбат па? 

Қытайдан келген компания Шымкенттегі қорғасын зауытынан шыққан қалдықты өңдейтін кәсіпорын құрмақ. Зауыт Ордабасы ауданы Бадам ауылдық округінің аумағынан салынғалы жатқанын, бірақ жергілікті халықтың бұған қарсы екендігін біз бұған дейін де «Рейтингте» жазған болатынбыз. Содан бергі аралықта бұл дау-дамай үдемесе, басылған жоқ.Өткен аптада редакцияға аталған ауылдық округтің бір топ тұрғындары хабарласып, талап-тілектерін жергілікті атқарушы органға газет арқылы жеткізу үшін бізді Бадам ауылына шақырды. 

– Осы жиынға Бөржар және Бадам ауылдық округіндегі елді мекендерден келген өкілдер жиналып отыр. Бәрінің тілегі бір -қорғасын қалдықтарын өңдейтін, тұқымымызды тұздай құртатын, ұрпаққа зияны бар зауыт салынбасын,-деді алдымен сөз бастаған Мұхтар Әлеуханов деген азамат.

Оның айтуынша, Бадам, Бөржар ауылдық округтерінде экологиялық ахуал онсыз да мәз емес.  Бір ғана Бадамның өзінде   16 кірпіш зауыты, 7 тас өңдейтін карьер орналасқан. «Ордабасықұс», сияқты бас-аяғы 20 шақты кәсіпорын тағы бар. Осы өндіріс орындарынан келген шаң-тозаң, түтін, жағымсыз иіс ауыл халқын әбден ығыр қылған. Сасық иіс, әсіресе түнгі уақытта күшейетін көрінеді. Былтыр атақты миллионер Серікжан Сейітжанов Бадамға жақын жерден мұнай өңдеу зауытының құрылысын бастаған. Алып кәсіпорын салынған соң онсыз да нашарлаған экологиялық ахуал тіптен күрделеніп кетуі әбден мүмкін. Соңғы уақытта тұрғындардың онкологиялық дертке шалдығуы жиілеген. Ал қорғасын сияқты ауыр металдың қалдықтарын өңдейтін зауыт салынса, ананың ішіндегі бала кеміс болып туылады деген ғалымдардың айтқан мәліметі бар көрінеді. Әрине, бұл мәліметтің қаншалықты шындыққа жанасатындығын арнайы мамандар айта жатар. Дегенмен халық бекер алаңдамайтын сияқты. 

 Ғалымжан Шеңгелов  деген азамат осы жиынға 2007 жылы туған ұлын алып келіп, оның аяғына шыққан жараларды көрсетті. Майда жара баланың тізесіне дейін басып кеткен. Әкесінің айтуынша, ол енді ұлының жамбасына да шыға бастаған.  

 Дәрігерлер әлі диагнозын қойған жоқ. Темірландағы ауруханаға апарып қараттық, енді Шымкентке жіберіп жатыр. Жара қышыған кезде  баламның жүрегі қысылады, -деген Шеңгелов аурудың себебін экологиялық жағдаймен байланыстырды. 

Шымкент қорғасын зауыты аумағында ұзақ жылдардан бері жиналған шлак, яғни өндірістік қалдықтардың қоршаған ортаға зияндығы туралы мәселе соңғы 6-7 жылдың көлемінде көтеріліп келеді. 2013 жылы тау болып үйілген қалдықтарды сол кездегі экология министрі Нұрлан Қаппаровтың өзі арнайы келіп көргені есте. Осы сапар барысында қалдыққа байланысты «Южполиметалл» кәсіпорнының директоры Тұрсынбек Асамбаев пен облыс басшысы Асқар Мырзахметовтің сөзбенен ілінісіп қалғаны ақпарат құралдарында жарияланды. Бертінде қорғасын қалдығы қалалық әкімдіктің қарамағына өтіп, былтыр ол  қытайлық компанияға 30 миллион теңгеге сатылған. Мамандардың айтуынша, 2 миллион тонна  қалдықты өңдеген жағдайда одан мыңдаған тонна мырыш, мыс, қорғасын және күміс алуға болады екен. Түсті металдардан 200 миллион АҚШ доллары көлемінде пайда түсетін көрінеді. Қайталап айтайық - 200 миллион доллар... 

– «Джон Бан Металл Пром» деп аталатын қытайлық компанияның құрылтайшылары үш қытай азаматынан және ұлты орыс Қазақстан азаматшасынан тұрады. Бұл компания Қытайда да осындай қалдықтарды өңдеумен айналысқан көрінеді. Олар осы уақытқа дейін халықпен бірнеше мәрте кездесті. Кездесулердің бәрінде халық өзінің қарсылығын білдірді. Экологтардың пікірі екіге жарылып отыр. Әйтеуір, біреуінің өтірік айтып отырғаны анық. Шымкенттік ғалымдар қалдықтан келер зиян көп дейді. Ал жиынға келген экологтардың бірі «егер еңбек режимі сақталса, ешқандай зияны жоқ» дегенді айтады. Сонымен бірге «егер қорғасын қалдықтары Шымкентте жата берсе, одан келетін зиян көп» дейді. Шымкентте жатқанда зиянды қалдық, Бадамға келген соң зиянсыз бола ма? Жергілікті ғалымдар сол қорғасын зауыты аумағында тұратын адамдардың ағзасынан қорғасын, басқа да ауыр металдар табылғанын анықтаған. Ал жиынға келген экологтар «зиян жоқ» дейді. Әйтеуір қисынға келмейді. Халықпен соңғы кездесу 7 наурызда өтті. Халық келісімін берген жоқ. Сол жиында аудан әкімінің орынбасары Аңсарбек Әбдіқұлов «осыменен кездесулер бітті, зауыт салынбайды» деген болатын. 29 сәуірге тағы бір кездесу қойыпты. Бұл неғылған бітпейтін кездесу, біз осы жағын түсіне алмай жатырмыз,-деді Нұрғали Нысанбекұлы деген азамат. 

Жиынға қатысқан тұрғындардың айтуынша,  Бадам ауылдық округіндегі жердің көпшілігі уақтысында Серік Сақыбеков деген азаматтың иелігіне өтіп кеткен көрінеді. «Джон Бан» компаниясы зауыт салатын жерді осы азаматтан сатып алған. 

 – Сақыбеков Ақбұлақ ауылындағы ұжымның басшысымен келісіп,  жерлерді сатып алған. Ұжым мүшелері – біз осы әрекеттерден бейхабар болғанбыз. Кейіннен Сақыбеков иелігіндегі жерлерді кәсіпкерлерге зауыт салу үшін сатқан,-деді Ақбұлақтан келген Ердос Сапақов деген азамат. Сақыбеков жер сатуға енгізілген мораторийдің күші бітпей жатып, иелігіндегі жерді шетелдік компанияға қалай сатты? Бұл жағы түсініксіз. Аудан басшыларының айтуынша, осы факті бойынша прокуратура тексеру жұмыстарын жүргізіп, ешқандай заңсыздық таппапты. Кім біледі, екі жақ құжаттарды заңға томпақ келмейтіндей етіп рәсімдеген шығар, бәлкім. Алайда қытайлық компанияның зауыттың құжаттарын толық туралап, тиісті орындардың келісімдерін алмай жатып, құрылысты бастап жібергені түсініксіздеу. Ақыр аяғында экология департаменті сотқа талап арыз беріп, құрылысты тоқтатқан. Бұл шетелдік компанияның жоғарыда бір сүйенерінің барын білдіретін сияқты. 

 Кездесулерде қытайлар бір-біріне қиыспайтын әрқилы сөздерді айтады. Бірде «ауыз суды жердің астынан тартып аламыз, қалдық суды қайтадан жер астына жібереміз» деді. Бізде жер асты сулары онсыз да мәз емес. Мамандардың берген анықтамасы қолымызда бар.  Зиянды заттар қалыпты мөлшерден екі есеге көп. Енді бірде «суды Бөржардан тартамыз» дейді. Бөржардың суы мұхит емес қой. Халық осы суды тұтынады. Шетелдік компания келеді кетеді. Оларға бәрібір. Туған жердің топырағының, суының, ауасының ластанбауы алдымен бізге, келер ұрпаққа керек екендігін ұмытпауымыз керек,- деді Емен Бидәулет деген азамат.  

Біз осыдан кейін Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Аңсарбек Әбдіқұловпен хабарласқан болатынбыз. Ол алдымен сайлау науқанына байланысты 29 сәуірге белгіленген  қоғамдық тыңдаудың кейінге қалдырылғанын мәлім етті. 

 – Аталған қытайлық компания  2018 жылы облыс әкімінің орынбасары Тасжүрековпен инвестиция тарту жөнінде меморандум жасасқан болатын. Олар Бадам индустриалды аймағынан жер сатып алып, зауытты осы жерден салсақ деп отыр. Себебі аймақта өндірісті жүргізуге қажетті инфрақұрылым тартылып қойылған,-деді әкім орынбасары. А.Әбдіқұлов осыдан кейін зауыттың өңірдің экономикасына тигізетін пайдасына тоқталды. Бұл жобаға 4 миллиард 800 миллион теңге инвестиция салынады.  Жылына бюджетке 1 миллиард теңге салық төленіп, 200 адам жұмыспен қамтылады екен. Қытайлар кәсіпорынның зиянсыздығы туралы арнайы ролик түсіріп, оны әкеліп көрсетіпті. Роликте сол Қытайдағы эколог ғалымдар  мұндай кәсіпорынның қоршаған ортаға залалын тигізбейтінін айтыпты. Қалдықтарды өндіріс орнына дейін арнайы көліктермен тасымалдауға уәде беріп отырғанға ұқсайды.  

 – Алайда мәселеге біржақты қарауға болмайды. Заң бойынша компания алдымен қоғамдық тыңдау өткізіп, халықтың келісімін алуы тиіс. Осы қоғамдық тыңдаудың хаттамасы негізінде жобаны сараптамаға жібереді. Сондықтан бәрін шешетін халық. Халық қалай айтса, солай болады,- деді А.Әбдіқұлов. 

Ал Бадам мен Бөржар ауылдық округіндегі халық зауыттың салынғанына қарсы екендігі о бастан белгілі ғой.  Бірақ осыған қарамастан шетелдік компанияның қайта-қайта қоғамдық тыңдау өткізіп, халықпен кездесе беруін немен түсіндіруге болады? Халықты мәжбүрлеу ме? Аталған жоба бар-жоғы 5 жылға жоспарланған. Таразының бір басына қоршаған ортаның, адамдардың денсаулығын екінші басына бес жылда түсетін 5 миллиард теңгені қоюға бола ма? Қытайлық ғалымдар мен отандық ғалымдардың қорытындылары екітүрлі. Қайсысына сенуге болады. Шетелге ме, өзімізге ме? 

Шетелдік компания тек пайда ойлайтындығы, оны халықтың денсаулығы, қоршаған ортаның тазалығы қызықтырмайтындығы айтпаса да түсінікті. Ал жергілікті атқамінерлерді Бадам мен Бөржар ауылдық округіндегі тұрғындардың талап-тілегі, мұң-мұқтажы қаншалықты қызықтырады? Бұл мәселеге облыс басшылығы ғана емес Астанадағы лауазымды азаматтардың да араласуы қажет сияқты. 

«Рейтинг» газеті бұл тақырыпқа қайта айналып соғатын болады.

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ, «Рейтинг» газеті. 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ж.Тәшенов университетінде жаңа жатақхананың ашылу салтанаты өтті
  • Шымкентте үздік ұлттық киім үлгілері анықталды
  • Аким Шымкента наградил слесаря, спасшего семью от гибели
  • Слесарьдың шұғыл әрекеті отбасын өлімнен құтқарып қалды
  • Шымкенте бұрыңғы қоқыс полигоны орнында экопарк құрылысы басталды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер