Үшінші мегаполисте салынып жатқан Бадам өзені бойындағы көпір Батыс Еуропа - Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізін байланыстыратын маңызды нысан болып саналады. Сондықтан құрылыс жұмысында мін болмауы тиіс. Көпірдің жайын жақында қала әкімі Мұрат Әйтеновтің өзі бағамдап қайтты.
Алматы мен Ташкент бағытындағы А-2 тасжолының бойындағы ескі көпір қазір бұзылып, орнына жаңасы салынуда. Жоспар бойынша Ташкентке қарай бағыт алған ауыр жүк көліктері қаланың сыртымен, яғни А-2 автомобиль жолының бойында жатқан осы көпір арқылы өтеді.
Мұрат Дүйсенбекұлы көпір құрылысына отандық темір-бетон өнімдерін қолдануға баса назар аударып, құзырлы мекеме өкілдеріне құрылыс барысын қатаң қадағалауды, әсіресе сапасын анықтайтын зертханалық тексерулерді өз бақылауларына алуды тапсырды. Сонымен бірге араға ай салып, көпір құрылысын қайта көріп кетуге және құрылыс жұмыстары белгіленген кестеден қалып жатса, тиісті шаралар қабылдайтынын айтты.
Қала әкімі Бадам өзеніндегі екінші көпірдің де жағдайымен танысты. Мұрат Әйтеновтың айтуынша, жаңа көпір мегаполистің оңтүстігі мен солтүстігін байланыстыратын автокөлік дәлізіне айналмақ. Жалпы ұзындығы 130 метрді, ені 32 метрді құраса, құрылысты жүргізуге 1,2 млрд теңге жұмсалады. Бұл көпір Қонаев даңғылын ұзартуға арналған ауқымды жоспардың бір тармағы.