Елбасының үндеуіне үн қосқан жерлестеріміз көп. Солардың бірі – Алма Архабаева. Ол кәсіпкер, "Asyl Arman" корпорациясының бас директоры, Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы.
Еліміздің Тұңғыш Президенті бүкіл әлемде, соның ішінде бізде болып жатқан күрделі ахуалға бей-жай қарай алмады. Халыққа Үндеу жариялап, елді бірлікке, ынтымаққа шақырды. Дәл осындай насихат, рухты жанитын ұранды сөздер қоғамға қазір аса қажет болып тұр.
Біз әрқайсысымыз жеке тұлға болсақ та бәріміз бірге бір қоғамды құраймыз. Сондықтан оның қандай болмағы, жалпы мемлекеттің болашағы әрбірімізге байланысты. Кім не ойласа да, қандай кәсіп, қызмет атқарса да елдің игілігіне, келешегіне арналуы тиіс.
Осы тұрғыдан келгенде қазір бар күш-жігермізді, ақыл-ойымызды бір арнаға тоғыстырып, осынау тағдырдың берген қиын сынағынан аман-есен өтудің қамын ойластыруымыз керек.
Пандемиямен күрес бірде-бір елге қазір оңай тиіп жатқан жоқ. Талай жанның өмірін жалмаған ауруларды жеңсек те табиғаты бейтаныс жаңа вирустың алдында, өкінішке қарай, әлі дәрменсіз болып тұрмыз. Жеті миллиард адам тұратын әлемнің бес құрлығына тарап үлгерген індетпен күресудің тәжірибесі осы күнге дейін ешбір елде болған жоқ. Соның салдарынан эпидемия пандемияға ұласқанда оны тоқтатуға мемлекеттер дайын болмай шықты. Коронавирусты емдеудің әдіс-тәсілдері, хаттамасы да енді жасалып жатыр. Бірақ түбінде адам баласы бәрібір жеңіп шығады.
Елбасы айтқандай бұған дейін де адамзат тарихында небір жұқпалы дерттер болған. Мәселен оба ауруы кезінде бір қаланың немесе елдімекеннің тұрғындарын баудай түсіретін. Бірақ медицина жетістіктерінің арқасында обаның алдын алуға, онымен тиімді күресуге үйрендік. Қазіргі жағдай да осыған ұсқас, індетті ауыздықтау үшін бүгінге әлемнің барлық ғалымдары күндіз-түні зерттеу, сынама жұмыстарын жүргізуде. Ал біздің міндетіміз - байбалам салмай, әліптің артын бағу. Елді дүрліктірмей, қайта алда күндерге жоспар құрып, бүгінгі жағдайдан сабақ ала отырып, өмірді жаңаша қалыптастыру.
«Кемедегінің жаны бір» демекші, қазір қауіпті аурудың тарап кетпеуі бәріміз үшін де маңызды. Міне осыған жол бермеуіміз керек. Бүгінгі мемлекеттік стратегияның да бағыты осы. Ал оны Үкімет, жергілікті деңгейдегі басқарушы органдар жеке-дара іске асыра алмайды. Ол үшін қарапайым халықтың көмегі, жанашырлығы қажет.
Адамзат вируспен ымырасыз шайқасқа түсті. Тек бірліктің, темірдей тәртіптің арқасында ғана бұл «соғыста» жеңіске жете аламыз.