Шымкент қалалық өзбек этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесіТахиржан Хакимбетов Тұңғыш Президенттің Үндеуін қолдап, шымкенттіктерді қиын-қыстау уақытта сыр бермеуге шақырды.
"Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Үндеу арнап, әлем халықтарын әбігерге түсірген індеттің таралуына байланысты жұртшылығымызды сабырға шақырып, ақ тілеуін жеткізді.
Дүниежүзін шарпыған қауіпті дерттің алдын алу бағытында еліміз әлем елдерінің ішінен алғашқылардың бірі болып пәрменді шаралар қабылдап, індет жұқтырғандар санының күрт артуына жол бермеді. Бұл өз кезегінде коронавирус инфекциясының ел аумағында таралуын қатаң бақылауда ұстауға мүмкіндік беріп, отандастарымыздың денсаулығын қорғау бағытында бұрын-соңды болмаған алдын алу кешенді іс-шараларын ұтымды ұйымдастыруға жағдай жасалды.
«Қазақстан қауіпті дерттің алдын алуға әлем елдерінің ең алғашқыларының бірі болып кірісті. Тиісті сақтандыру шаралары жасалды. Мемлекеттік органдар арнаулы дайындықтан өткізілді. Өзге елдерде вирус қалай пайда болып, пандемия қалай өрбіп, өршігені бақыланды. Соның нәтижесінде індеттің етек алып кетуіне мүмкіндігінше жол берілмей, ахуал күн сайын тұрақты назарда ұсталып отыр. Жағдайды оңалту үшін көп жұмыс істелді, әлі де талай шаруа атқарылатын болады. Игі мақсаттағы іс-шаралардың бәріне жер-жерлерде бүкіл халық болып қолдау көрсеткеніміз жөн», деп атап өтті Елбасы өз Үндеуінде.
Қауіп-қатермен бетпе-бет келген Қазақстан халқы осындай сын сағатта ішкі бірлігін көрсетіп, өзара жанашырлығын танытып отыр. Қоғам еріктілері жер-жерлерде қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып, көпшілік қолдауына зәру отбасыларды өз қамқорлықтарына алды. Көпшілік орындарда медициналық қорғаныс және залалсыздандыру құралдары таратылды. Қала шекаралары мен елді мекендер арасындағы блок бекеттерде тәулік бойы кезекшілікте тұрған медицина мамандары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскерилерге ыстық тамақтар ұйымдастырып, ауыз сумен қамтыды.
Сыртпен қарым-қатынасы үзіліп, карантинге жабылған тұрғын үй кешендері мен тұтас шағын аудандарда тұрғындар еңсесін тік ұстап Қазақстанның Мемлекеттік Гимнін шырқады, еліміздегі бірқатар өнер ұжымдары онлайн-режимдегі концерттер ұйымдастырып, халқымыз бұл қиындықтан мойымай өтетіндігін паш етті.
Елбасы Қазақстан халқына арнаған Үндеуінде қалыптасып отырған жағдай оңай емес екендігін атап өтіп, осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығатынымызды жеткізді. «Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ»- деп нықтап айтты.
Береке-бірлігіміз сыналатын мұндай қиындықтар рухымызды шыңдап, жігерлендіреді. Біз, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қоғам тұрақтылығы сыналар мұндай шақта елдігіміздің іргесін бекемдеуге қызмет етуге дайын екендігін жеткіземін".