Көктемі шуақты Шымкент шаһарына сәуірдің басында қар жауды. Ақ ұлпаның жерге түскені қалалықтар үшін күтпеген жағдай болды. Себебі бұл мезгілде шаһарда қызғалдақтар гүл ашып, жеміс ағаштары бүр жарып қалушы еді. Ауа-райының тосын мінезі салдарынан қала аумағында көптеген ағаш құлап, электр желілері үзілді. Нақтырақ айтқанда жүзге жуық ағаш құлап, 30-дан астам автокөлік зақымдаған. Салдарынан сегіз мыңға жуық абонент электр жарығынсыз қалды.
Салаға жауапты мамандар қолайсыздықты дереу түзетуге кірісті. Төтенше жағдайдың зардабын жоюға қаладағы коммуналды қызметтер мен төтенше жағдайлар департаментінің 111 техникасы мен жеке құрамнан 600 адам, сондай-ақ «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның 24 апатты қалпына келтіру бригадасы жұмылдырылды. Коммуналды қызметкерлер көшені құлаған ағаштардан тазартса, «Оңтүстік Жарық Транзиттің» мамандары қаланы жарықтандыруға кірісті.
Жарты күн ішіндегі жағдай бойынша 5800 абонент авариялық қызметтердің көмегімен қайта электр жүйесіне қосылды. Қалған 12 нүктедегі 2200 абонентке электр қуатын беру жұмыстары жалғасуда деген мамандар тұрғындарға болған жағдайға түсіністікпен қарауға, жарық бәріне берілетінін айтуда.