Үшінші мегаполисте карантиннің жариялануына байланысты бірқатар шектеулер мен ережелер бекітілген болатын. Ережеге сай адамдар көшеге азық-түлікке, дәріханаға және медицина ұйымдарына шығуына рұқсат. Сондай-ақ қаражаттарын банк карточкасында ұстайтындар үшін банкоматка баруына рұқсат берілген. Осы орайда коронавирус індетінің алдын алу мақсатында банкте кезекте тұрған азаматтардың ара-қашықтығы 1,5-2 метр болуы тиіс. Бұл ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен бекітілген.
Қазіргі таңда Шымкентте қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету үшін банк бөлімшелерінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Оған 41 полиция қызметкері мен төрт дәрігер жұмылдырылған.
Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қаламыздағы банк бөлімшелерінде барлық сақтық шаралары күшейтілген. Мәселен, «Halyk Bank» АҚ-ның Шымкенттегі 40-қа жуық бөлімшесінің алдында кезек күтетін арнайы жолақтар сызылған. Сондай-ақ Kaspi Bank бөлімшелерінің алдында да клиенттерге дәл осындай қолайлы жағдай жасалуда. Онда маскалық тәртіп қатаң сақталған, кеңесшілер қолғаппен жұмыс істеуде. Бұл өд кезегінде тұрғындар мен банк қызметкерлерінің денсаулығын қорғау мақсатында жасалып жатқан шара. Сондықтан мамандар тұрғындарға бұл жағдайға түсіністікпен қарап, мүмкіндік болса үйден шықпауға кеңес береді.