Шымкенттік халықтың азық-түлік жағынан уайымдауына себеп жоқ. Себебі, үшінші мегаполистегі сауда қоймаларында өнім жеткілікті. Бүгін «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері қала тұрғындарына азық-түліктің жеткіліктілігіне көз жеткізу мақсатында «Санжар» сауда-логистикалық орталығының жұмысымен танысып қайтты. Аралау барысында азық-түлік өнімдерінің жеткілікті екеніне көз жетті.
Орталықта «Сұлтан», «Маркетинг», «Аделина», «Алина-3», «Дариол», «Масло-Дел» ЖШС-і орналасқан. Негізінен онда сақталатыны - азық-түлік тауарлары. Қазіргі таңда орталыққа күндігіне 350-400 тоннаның көлемінде азық-түлік әкелініп, таратылуда.
Тауарлар Қазақстанның бүкіл аймағынан және алыс, жақын шет мемлекеттерден Пәкістан, Иран, Қытай, Ресей, Беларусь және тағы басқа жеткізіледі. Бір ғана Масло-Дел ЖШС-і күндігіне 10 тоннаға жуық тауарын қала тұрғындарына ұсынуда. Сонымен қатар сауда орталықтарына мекеме өзі азық-түлік өнімдерін жеткізіп беріп отырады. Мекеме басшылары елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері өнімдерге сұраныстың екі есе артқанын айтып отыр. Себебі, барша қазақстандықтар үйде отырғандықтан сырттан тамақтану сервистарына аса жүгіне бермейді. Әр отбасы өзінің денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін отандық азық-түлік өнімдерін пайдаланып, үйден шықпағаны жөн.