Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент қаласын дамыту жөнінде бірқатар тапсырмадар бергені белгілі. Солардың бірі – жолаушылар терминалы.
Үшінші мегаполистегі халықаралық әуежай аумағында салынып жатқан жаңа жолаушылар терминалының құрылысы қарқынды жүруде. Және төтенше жағдайға қарамастан бұл құрылыс тоқтамайды, дейді жауапты мамандар. Бұл жұмыстар тапсырмалары негізінде жүзеге асуда.
Қазіргі таңда өткізу қабілеті сағатына екі мың жолаушыны құрайтын терминалдың құрылыс-монтаж жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталды.
Екінші кезеңнің құрылыс жұмыстарын «Альянс Контракт Құрылыс» ЖШС жүзеге асыруда. Құрылыс жұмыстарына 110 жұмысшы, онға жуық арнайы техника тартылған. Бүгінде екінші кезең бойынша жұмыстардың 43 пайызы орындалды. Бұдан бөлек, ақпараттық жүйелер мен багаж жабдықтарын жеткізу бойынша келісімшарт жасалса, жеделсатылар мен эскалаторларды жеткізу бойынша келісім түзілуде.
Болашақта әуе кемелеріне арналған перронды кеңейту жоспарда бар. Терминалға апаратын жаңа жол мен инженерлік құрылым мен абаттандыру жұмыстары да бірге аяқталады, деп жоспарланған. Шымкенттегі әуежай маңы осылай жолаушылар терминалы мен майындағы көгалдандыру жұмыстарымен көзге түспек.
Жауаптылардың айтуынша, терминалдың құрылысы биылғы жылдың соңында аяқталмақ.