Шымкент еліміздің үшінші мегаполисі. Әрі өзінің орнын сақтап қалған ежелгі көне қала. Бүгінде күн сайын көркейіп, шырайы артып жатқан қызғалдақ қаланың бүгінгі жайына туралы Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев Президенттің үндеуіне толғаныс айттты.
«Ортақ тарихымыздың символына айналған Қазақстан халқының бірлігі күні Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айқындаған бейбітшілік пен келісімнің салтанат құрған күні болып айшықталды. Киелі қазақ жері миллиондаған тағдырларды тоғыстырды, пана болды. Бауырмашыл қазақ халқы тоталитарлық саясаттың салқынын сезген талай жанға қайырымдылығы мен кеңпейілдігін, даналығы мен қонақжайлығын көрсетті. Қазақ халқы паш еткен асқақ адамгершіліктің, адал ниеттің, шынайы жанашырлықтың арқасында талай ұлттың өкілдері қиын-қыстау шақтың ауыртпалығын еңсерді, қазақ жерінде өнді-өсті, бақытын тапты.
Мереке аясындағы іс-шаралар патриотизм, абырой, әділдік, құрмет, ізгілік, бауырмашылдық сынды асыл қасиеттерді дәріптейді.
Әлемде баламасы жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясының негізі 1995 жылы қаланды. Биыл құрылғанына 25 жыл толатын бұл конституциялық институт Тәуелсіздік жылдарындағы толағай табыстардың бастауынан табылып, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқын берекелі еңбекпен ел ырысын арттыруға жұмылдырып келеді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қасиетті Ордабасы биігінде өткен елдік жиында Елбасы қазақтың тарихы қашанда бірігу тарихы болғандығын атап өткен еді.
Бірлігі жарасқан, ымыралы күн кешкен, ежелден достықтың тұғырлы ордасы, бүгінде миллионнан астам тұрғынды бауырына басқан Шымкентте Қазақстан халқы Ассамблеясы қанаты астында 17 этномәдени бірлестік қызмет етеді.
Жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім қағидаттарын орнықтыру арқылы қазақстандық қоғамның мәдени әралуандығын қамтамасыз ету, этнос өкілдерін мемлекет құраушы қазақ ұлтының маңайына топтастыру, этносаралық келісімнің қазақстандық моделін ілгерілету бағытында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан былтырғы жылдың жүзінде барлығы 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде «Рождество», «Масленица», «Славян жазбасы мен мәдениеті күні», «Сольналь», «Чак-чак байрам», «Офарин», «Сабан той», «Пурим», «Қазақ дастарханы», этностардың тілі, мәдениет және салт-дәстүрі күндері, «Алғыс айту күні», «Наурыз керуен», «Ұлттық домбыра күні», «Қазақстан халқының тілдері күні», «Халықтық бренд», ұлттық ойындар сайысы, «Мизам», «Shanyraq fest» этнофестивалі, «Достық дастарханы», «Ахысқа» түріктерінің Қазақстанға қоныс аударғанына 75 жылдығы, этнос кәсіпкерлерінің көрмесі, «Бірлік», «Жастар керуені», «Береке басы – бірлік» форумдары мен «Тәуелсіздік тірегі – татулық» сынды іс-шаралар өткізілді.
Былтырғы Алғыс айту мерекесі қарсаңында мерекелік апталық бастау алып, мерекелік әрбір күн – қайырымдылық, тазалық, көршіге ізет, ұстазға құрмет, тарихқа тағзым, ықылас, ұрпақтар сабақтастығы және Алғыс айту күндеріболып белгіленді. Апта бойы қаланың барлық аудандарында өткен іс-шараларға барлығы 200 мыңнан астам тұрғын қамтылды.
Көршіге ізет күні аясында өзбек этносының өкілдері Тоғыс, Маятас, Бадам, Қарабастау, Шапырашты, Өтеміс, Қызылсу, Тассай, Мәртөбе тұрғын алаптарының ардагерлері мен белсенділері арнайы шақырып, құрмет көрсетті.
Мамырда Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының I сессиясы «Қоғамдық келісім формуласы: бірлік пен жаңғыруға» тақырыбы аясында өтті.
Қалалық ассамблея алаңында үздік кәсіпкерлердің 5 бизнес шеберлік дәрістері өткізіліп, жоғары оқу орындарымен бірлесе 2 ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Қалалық ассамблея ғимаратында 40 этнос өкілі мемлекеттік тілді оқыту курстарынан өтті. Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай бастау алған жалпыұлттық эстафетаға шымкенттік 14 этнос өкілі қатысты.
Қалалық ассамлеяның бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясының іс-шаралар жоспары «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасымен толықты. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндесіп жатқан бұл жоба қазақ халқының мәдениеті мен руханиятын, дәстүрі мен ұлттық танымын халық арасында кеңінен танытуды көздейді.
Қалалық ассамблея, қалалық Кәсіпкерлер палатасы және «Шымкент қаласының Азаматтық Альянсы» қауымдастығы түріндегі заңды тұлғалар бірлестігі өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойып, «Халықтық бренд» жобасын ілгерілетіп, семинарлар өткізуге, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырудағы өзекті мәселелер бойынша бірлескен шаралар қабылдауға уағдаласты.
Ассамблеяға жүктелген негізгі міндеттердің бірі – халық арасында мақсатты кездесулер өткізіп, мемлекеттік саясат пен қабылданған саяси шешімдерді түсіндіру және ілгерілету. Бұл бағытта қалалық ассамблея жанынан ақпараттық-түсіндіру тобы құрылып, оның мүшелері этнос өкілдері жинақы тұратын шағынаудандар мен тұрғыналаптарда 47 кездесу өткізді. Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы міндеттер бойынша қаладағы 8 жоғары оқу орындары мен 28 колледжде саяси шолу кездесулері ұйымдастырылды. Топ мүшелері Абай, Қаратау, Әл-Фараби, Еңбекші аудандары мен Абай ауданына қарасты Қатын көпір, Қызылжар, Тельман, Самал-3, Сайрам шағынаудандары тұрғындарымен кездесулер өткізіп, аумақтардағы өзекті мәселелерді саралады.
Биылғы жылы қалалық ассамблеяның ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері мен этномәдени бірлестіктер жетекшілері қаланың шет аумақтарында орналасқан 20-дан астам шағынаудандары мен тұрғыналаптарында кездесулер өткізіп, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдауды, оларды шешу бойынша мемлекеттік органдарға ұсынымдар беруді қолға алды.
Қоғам тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді құқық қорғау органдарымен бірлесе нәтижелі іске асыру бағытында Шымкент қалалық полиция департаментіне қарасты Қаратау, Абай, Әл-Фараби, Еңбекші аудандық жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторларының қатысуымен этносаралық төзімділіктің қазақстандық моделін қамтамасыз етудегі қағидалар мен талаптарды түсіндіру жөніндегі кездесулер ұйымдастырылды.
Қалалық және аудандық деңгейлерде 5 Қоғамдық келісім кеңестері мен 5 Аналар кеңестерінің құрамдары жасақталған. Кеңес отырыстарында Мемлекет басшысының әлеуметтік саясат бойынша тапсырмаларының орындалуы, тұрғын үй құрылысы, агроөнеркәсіпте прогрестік технологияларды ілгерілету, медиация қызметін жүйелендіру, Арыс тұрғындарын қолдау, медициналық қызметтің сапасы сынды мәселелер қаралды. Кеңестер ықпалымен жаңа әлеуметтік саясатты түсіндіру бағытында сала мамандарымен бірге 135, жоғары оқу орнында оқитын шетелдік студенттермен 8 кездесу өткізілді. Олардың жұмыстарына жыл ішінде 22 мыңнан астам адам қамтылды.
Аналар кеңестерінің отырыстарында өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі өзекті мәселелер, неке бұзу үдерістерінің санын азайту, жастар арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу, туыстық неке фактілерін болдырмау мәселелері талқыланып, 100-ден астам кездесулері ұйымдастырылды.
Қоғамда қайырымдылықты үйлестіру мәселесі де ассамблея атқаратын жұмыстардың бірі. Бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясының қайырымдылық іс-шаралары күнтізбесіне сәйкес «Сарқыт», «Сыбаға», «Шашу», «Асар», «Қамқор», «Тоқымқағар», «Ерулік», «Жылу», «Бата», «Бес жақсы», «Кәде» қайырымдылық акциялары өткізілді. Көрсетілген көмектің көлемі 17,5 млн. теңгені құрады. «Мектепке жол» республикалық акциясы шеңберінде Шымкент қалалық этномәдени бірлестіктерімен «Жылу» қайырымдылық акциясы өткізіліп, тұрмыс жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан 140 балаға мектеп формасы мен оқу құралдары берілді. Арыстағы оқиғаға байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясының тапсырмасымен Шымкент қалалық және Түркістан облыстық ассамблеяларының бірлескен штабы құрылды. Қалалық және облыстық ассамблея мүшелері қаладағы эвакуациялық бекеттерге азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек жеткізіп, зардап шеккен азаматтарға ыстық тамақ ұйымдастырды, үйлерді қалпына келтіруге құрылыс материалдарын жеткізді. Бұл жұмыстарға еліміздің өзге өңірлеріндегі ассамблея мүшелері де үлес қосты. Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан арыстықтарға көрсетілген көмектің жалпы құны 100 млн. теңгеден асты.
Медиация институтын дамыту ісі де ассамблеяға жүктелген маңызды жұмыс бағыттарының бірі. Қала аумағында 4 кәсіби, 51 кәсіби емес медиатор (қоғамдық медиатор) тіркеуге алынған. Дауларды сотқа дейінгі тәртіппен реттеуде медиацияны дамытуға жауапты қалалық 6 құрылыммен (қалалық ҚХА, қалалық сот, қалалық әділет департаменті, қалалық «Кәсіподақтар орталығы», қалалық адвокаттар алқасы, қалалық нотариалдық палата) әріптестік меморандум түзілді.
Қалалық ассамблеяның бастамасымен «Мектеп медиациясы» жобасы қолға алынып, 157 педагог-психолог маман медиация курсынан өткізілді. Аудандық Қоғамдық келісім кеңестері мен Аналар кеңестері құрамынан 250 кәсіби емес медиаторлардың біліктілігін арттыруда 4 оқыту семинары ұйымдастырылды. Медицина қызметкерлерін медиация негіздеріне оқыту семинар-тренингі ұйымдастырылды. Жалпыреспубликалық Медиация күні аясында «Медиация – қоғамдық келісімнің озық үлгісі» мәжілісі өткізіліп, ассамблея алаңында «Ашық есік күні» ұйымдастырылды.
Жастарды жалпымемлекеттік мақсаттар мен міндеттерге жұмылдыруда қалалық ассамблеяның ықпалымен «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының қалалық штабы, қаладағы 29 колледж жанынан «Достық» студенттік клубтары, этномәдени бірлестіктер жанынан жастар қанаттары ашылды. Осы ұйымдардың бастамасымен «PRодвигай себя» өзін-өзі дамыту тренингі, «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы, «Қазақстан палауы», «Жастар – жаңғырудың жаршысы» лекториі, «Бірлік» этнофорумы өткізілді. «Қазақстандағы жастар жылы» аясында Ассамблея қызметіне тұрақты қолдау көрсеткен белсенді этнос жастарының Өзбекстан Республикасындағы тарихи орындарға этносаяхаты ұйымдастырылды.
Бірлігі бекем, ынтымағы ырысты Шымқала тұрғындары бейбітшіліктің бесігі болған Қазақстанымыздың қуатын арттыруға, кемелденуіне еңбегін сарқа жұмсап, ел алғысына кенеле беретініне сенімдемін.
Барша Отандастарымды бірлік мерекесімен құттықтай отырып, әрбір отбасыға шаңырақ шаттығы мен риясыз достық тілеймін!