Төтенше жағдай 11 мамырға дейін ұзартылды. Десек те, 1 мамырдан бастап бірқатар кәсіпкерлер өз жұмысын бастайды. Бұл туралы бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталықта ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 27 сәуірдегі мәлімдемесіне сәйкес, Шымкент қаласы аумағында іске қосылатын нысандар бойынша брифинг өтті.
Осы орайда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов 2020 жылғы 1 мамырдан бастап қалада кейбір кәсіпкерлік нысандарының қалпына келтірудің бірінші кезеңі басталатынын атап өтті.
- Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Президент тапсырмасымен елімізде карантин режимін жеңілдету мәселесін қарастырған болатын. Осыған орай, Шымкентте 1 мамырдан бастап бірқатар қызмет көрсету, сауда салалары мен қаржы ұйымдары іске қосылады. Бүкіл жерде қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталуы тиіс, - деді қала әкімінің орынбасары.
Мақсұт Пернебайұлының мәлімдеуінше, қызмет көрсету саласында жеткізу сервисі болған жағдайда алдын ала жазылу бойынша химиялық тазалау, кір жуу орындары, кілемдерді тазалау, тұрмыстық (оның ішінде ұйымдастыру техникасы, мобильді құрылғылар) және өнеркәсіптік техниканы жөндеу орталықтары, автожуу (өзіне-өзі қызмет көрсету) жұмысын бастамақ. Сондай-ақ, шиномонтаж, май ауыстыру орталықтары, техникалық қызмет көрсету стансалары, автосервистер («Сергек» деректер базасына тіркелген автокөлік құралдары үшін),токарлық, дәнекерлеу және жиһаз цехтары, алдын ала жазылу бойынша санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып әсемдік салондары, шаштараздар, ателье, киім мен аяқ киімді жөндеу нүктелері сағат 10.00-18.00 аралығында жұмыс істейді.