Шымкент қаласында төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған жандарға әлеуметтік төлем беру жалғасын табуда. Соңғы мәліметтерге сәйкес әлеуметтік төлемді алу үшін арнайы портал, сайттардан 534 883 адамнан өтініш түскен.
Оның ішінде 278 558 адамға әлеуметтік төлем тағайындалса, 249 596 азаматтың өтініші бойынша оларға әлеуметтік төлем тағайындалмайтындығы анықталып, кері қайтарылған.
Жалпы әлеуметтік төлем алатын 278 558 азаматтың ішінде 265 776 өтініштер бойынша, ал, 12 782-сіне проактивті (атаулы әлеуметтік алушылар және бірыңғай жиынтық төлем жасаған азаматтар) түрде тағайындалды. Бүгінге дейін 274 976 азаматқа 42500 теңгеден әлеуметтік көмек карталарына аударылған.
Айта кетейік, кері қайтарылып, көмек тағайындалмаған өтініштер – бірнеше рет қайталанған, жұмыс істейтін азаматтардан, зейнеткерлерден, қайтыс болған азаматтар атынан түскен. Мамандар әлеуметтік төлемді түрлі себептермен кері қайтарып беріп жатқан жандардың да бар екенін айтады.
Еске сала кетейік, бұл төлем төтенше жағдай (ТЖ) салдарынан табысынан айрылғандарға төленеді. Билік оларды екі топқа бөлген. Бірінші топқа ТЖ кезінде жұмысын тоқтатқан шағын және орта бизнестің ақысыз демалысқа кеткен жалдамалы жұмысшылары; ресми тіркеліп, салық төлеп жүрген жеке кәсіпкерлер; нотариус, адвокат, кәсіби медиатор, сот орындаушысы кіреді. Екінші топқа ресми тіркелмей, зейнетақы қорына, медициналық сақтандыру қорына, салық ретінде ақша аудармай өз бетінше табыс тауып жүргендер енеді. Екінші топтағы өз-өзін жұмыспен қамтығандар 42500 теңге көмекке өтініш бермес бұрын бір рет болса да Бірыңғай жинақ төлемін (БЖТ - ЕСП) төлеуі тиіс.