Шымкент қаласы Абай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ұлықпан Башенов Президенттің «Ардагерлер туралы Заңды» қолдайтынын жеткізіп, қалада ардагерлерге жасалып жатқан жағдайларды баяндады.
«Мемлекет басшысы "Ардагерлер туралы" Заңға қол қойды. Бұл құжаттың Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында қабылдануының өзі елдің тыныштығы мен бейбіт күні күшін күрескен азаматтарға серпін бергені анық.
Осы кезге дейін Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тылда еңбек еткендерге мемлекет тарапына әлеуметтік жағдай көрсетіліп келеді. Мереке қарсаңында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 1 миллион теңгеден берілді. Бұдан бөлек, биылғы жылы елімізде орын алып отырған төтенше жағдайдың қиындығына қарамастан ауданымыздағы ардагерлерге демеу көрсетіп жатыр.
Ал ардагерлерді әлеуметтік қорғауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамалық актілерді жүйелеу, қайта қарау және ардагерлердің жаңа санаттарын қалыптастыруда қабылданған құжаттың маңыздылығы бір төбе. Онда осыған дейін қарастырылмаған кейбір жеңілдіктер мен жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер, ардагерлердің жесіріне және балаларына көмек көрсету секілді тетіктерді назардан қалдырмаған.
Бұл заңның қабылдануы Мемлекет басшысының ардагерлерімізге лайықты кұрмет көрсетуі деп білеміз».