Шымкент қаласы бойынша тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің жетекшісі Марат Төлебаев ардагерлерге көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмектің маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ардагерлер туралы» Заңға қол қоюы Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңына сәйкес келуі – ардагерлерге деген құрмет дер едім. Жаңа заң мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының жарқын мысалы және аға ұрпаққа көрсетілер құрметтің белгісі деп ойлаймын.
Әсіресе, КСРО кезінде түрлі қарулы қақтығыстарға қатысқан ардагерлердің ерлігі атап өтіліп, Ирак жерін әскери ұрыстардан кейін минадан тазалау жұмыстарына қатысқан әскерилеріміздің еңбегі ескерілгені қуантады.
Маңызды құжатта ардагерлердің бес санатын әлеуметтік қамқорлыққа алу қарастырылған. Олар – Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, басқа мемлекеттер аумағындағы әскери қақтығыстардың ардагерлері, тыл ардагерлері және осы Заңның қарауына алынатын басқа да тұлғалар. Сонымен қатар Ауғанстандағы және басқа да елдердегі әскери қақтығыстарға қатысқан әскери қызметшілер әскери қақтығыстар ардагерлерінің санатына өтеді және барлық жеңілдіктері мен жәрдемақылары сақталады. Бұл санаттағы ардагерлер баспанаға кезекке тұру, салық жеңілдіктері, тегін медициналық қызмет көрсету, шипажайда емделу секілді жеңілдерді қолдана алады.
Президент 1988-1989 жылдары Чернобыль АЭС-та болған апаттың салдарын жоюға қатысқан тұлғаларға берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы көлемін көбейтті. Бұған қоса Социалистік Еңбек ерлерінің де арнайы мемлекеттік жәрдемақысы өсіріліп отыр».