Шырайлы шымқалаға берілген «мәдени астана» мәртебесінің мерзімі 365күн. Осы уақыт аралығында қаланы ТМД елдеріне таныстырып, мәдениетін барынша көрсетуіміз керек. Карантинге байланысты қол қуысырмай, биліктегілер іс-шараларды онлайн өткізуді жөн көріп отыр. Осы орайда қаладағы Отырар кітапханасы мен Салт дәстүр орталығы және театрлар белсенді жұмыс жасап, онлайн шаралар көптеп өтіп жатыр. Кітапханадан онлайн-сұхбаттар үзілмесе, қазақтың дәстүрін дәріптейтін орталық күн сайын тұрғындар танымын кеңейтуде. Ал Жұмат Шанин, Қуыршақ , Әзіл-сықақ театрлары өздерінің қойылымдарымен таңғалдыруда.
ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы Шымкенттегі Отырар кітапханасында өткен онлайн сұхбаттар көп. Күн санап олардың қатары көбейіп, түрлі мәдени тақырыпта әңгіме өрбітуде. Солардың бірі –фарабитанушы Абдулла Жұмашев әңгімесі. Ағамыз Әбу Насыр Әл-Фараби туралы ой толғап, бүгінгі таңда бабамыздың еңбектеріне қатысты пікір айтты. «Бұрын Әл-Фараби біреу болса, қазір Отырарда 21 Әл-Фараби бар. Ал оның еңбектері әлемнің әр қиырында жатыр. Біз зерттеу жұмысы бойынша Араб еліне барғанымызда Шығыс баспасынан үлкен терминдер сөздігі мен «Ізгі қала тұрғындары», «Музыкалық трактаттарын» сыйға тартты. Ал оны әкелгенімізбен басты мәселе олар араб тілінде. Ғылыми тәржіма өте қиын дүние. Оларды алып келгенімізбен аудара алмай отырмыз. Бабамыздың бүкіл әлемдегі шығармаларын жинап, өзіміздің ана тілімізге аударып, ғылымның айналасына жіберсе, оқулық ретінде ұсынуға болады. Жалпы, Қазақстанның тарихы Әл-Фарабиден басталады. Сондықтан міндетті түрде аударып, мектеп, ЖОО-на енгізіп, оқыту керек», - дейді Абдулла Жұмашев. Міне, осылайша сұхбатты онлайн тамашалаған көрермен музейдегі сақталып тұрған Әл-Фарабидың еңбектерімен танысып, мағыналы әңгіме тыңдады.